Колумбияда ұшақ апатынан кемі 66 адам қаза тапты
Колумбияның оңтүстігінде әскери-әуе күштеріне тиесілі ұшақ апатқа ұшырап, кемі 66 адам қаза тапты. Бұл жөнінде елдің қарулы күштерінің басшысы хабарлады.
Ұшақта 125 жолаушы болған, алдын ала мәлімет бойынша, оның көбі – әскерилер.
Елдің әуе күштерінің басшысы Фернандо Силва әлеуметтік желіде жарияланған видеоүндеуінде Lockheed Martin Hercules C-130 ұшағында 114 жолаушы және 11 экипаж мүшесі болғанын айтты.
Колумбия қорғаныс министрі Педро Санчестің айтуынша, апат Пуэрто-Легисамо аймағында ұшақ әуеге көтеріле бергенде болған.
Апат себептері әлі де тексеріліп жатыр, алайда қорғаныс министрі мұны «қайғылы оқиға» деп сипаттады.
Ол сондай-ақ: «Зардап шеккендердің отбасыларына қайғырып көңіл айтамын және олардың қайғысына ортақтаса отырып, ресми ақпарат жарияланғанға дейін түрлі болжамдардан аулақ болуға шақырамын. Бұл – ел үшін өте ауыр жағдай», – деді.
Президент Густаво Петро әскери техниканы жаңғырту жоспарына кедергі келтіріп отырғандарды сынға алды. «Енді кідіртпеймін, жастардың басын бәйгеге тігуге болмайды» деп жазды ол Х әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ұшақ Колумбияның оңтүстігіндегі Амазония аймағында, Перумен шекараға жақын орналасқан әуежайдан ұшып шыққан.
Жергілікті BluRadio мәліметінше, апат халық тығыз орналасқан қала орталығына жақын жерде болған.
Осы апат түсірілді деген видеода әскери ұшақ қалың тропикалық орман үстіне көтеріліп, кейін біртіндеп қайтадан төмен құлдилайды.
Тағы бір бейнежазбада жергілікті тұрғындар жараланған сарбаздарды мотоциклдің артына отырғызып, қауіпсіз жерге жеткізіп жатқаны көрінеді.