Тоқаев Шайдоровты "Барыс" орденімен марапаттады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы атануымен құттықтады. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.
Президент спортшының Қазақстанның спорт тарихында мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш рет алтын медаль иеленуін тарихи маңызы зор жетістік деп атады. Тоқаев Шайдоровқа жоғары шеберлігі, жеңіске деген ерік-жігері үшін алғыс айтты.
Бұған қоса, Тоқаев Шайдоровты II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдаған.
14 ақпанда Италиядағы қысқы олимпиадада мәнерлеп сырғанаудан қазақстандық Михаил Шайдоров ерлер арасында чемпион атанды. Оның басты қарсыластары Илья Малинин (АҚШ), Юма Кагияма (Жапония) негізгі бағдарламаларын таза орындай алмады.
"Алтын медаль аламын деп күтпедім. Илья Малинин жеңеді деп ойладым. Негізгі бағдарламаны жақсы сырғанасам медаль болып қалар деп ойладым. Бірақ маған жақсылап сырғанап, былтырғы маусыммен салыстырғанда қаншалықты өскенімді, Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың өскенін көрсету маңызды болды. Себебі жаттығуымның көбін Қазақстанда өткізген едім" деді Шайдоров марапаттау рәсімінен кейін.
Бұл – Қазақстанның қысқы олимпиадада 32 жылдан кейін алған алғашқы алтыны.
Шайдоров былтыр әлем чемпионатында күміс, Төрт құрлық чемпионатында алтын алған еді. Енді жүлделерінің санатына олимпиада алтынын қосты.