Тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыс: қаза болғандар бар
Ауғанстанмен шекарадағы қарулы қақтығыс кезінде екі тәжік шекарашысы қаза болды деп хабарлады Азат Еуропа/Азаттықтың Тәжік қызметі. Озоди радиосының хабарлауынша, оқиға 24 желтоқсанда Шамсиддин Шохин ауданында болған. Дереккөздің айтуынша, шекарадан контрабандамен айналысқан қарулы топ өкілдері өтпек болған. Атыс кезінде шекара қызметінің сарбаздары қаза болды, тағы бірнеше адам жараланды.
Ресми Душанбе әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.
Озоди радиосы қаза болған шекарашылардың аты-жөнін атады: 28 жастағы Исматулло Курбонов мен 33 жастағы Зиребон Наурызбеков.
Озоди дереккөзінің хабарлауынша, контрабандамен айналысқандардың бірі ұсталған.
Кабулдық "Хашти Субх" басылымы 24 желтоқсанда дереккөзге сүйене отырып, атыс кезінде екі тәжік шекарашысы қаза болғанын жазды. Тәжік күштерінің оғынан екі ауған өлген. Басылым дереккөзі олардың есірткі саудасына қатысы бар.
Оқиға Тәжікстан Ауғанстанмен шекарада төрт жаңа шекара пунктін ашқан күні болып отыр. Тәжікстан президенті сайтының хабарлауынша, мемлекет басшысы Эмомали Рахмон күштік құрылым өкілдерімен шараға онлайн қатысқан.
Тәжікстан - Ауғанстан шекарасының ұзындығы – шамамен 1400 шақырым. 2021 жылы Кабулда билікке келген тәліптердің "ауған жерін террористік топтар көршілеріне шабуылдау үшін пайдаланбайды" деген уәдесіне қарамастан тәжік билігі шекарадағы жағдайға атап айтқанда, елге енбек болған содырлар мен есірткімен айналысатын топтардың әрекетіне алаңдап отыр.
Ауғанстан мен Тәжікстан шекарасында бір айда екі рет қытай жұмысшыларына шабуыл жасалды. Соның салдарынан Қытайдың бес азаматы қаза болды.
Пекин шабуылды айыптап, Тәжікстандағы қытай азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.
Бұған дейін Душанбе ауған-тәжік шекарасын күзетуге Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының күштерін тарту туралы өтініш бергені хабарланған. Бірақ Душанбе ақпаратты жоққа шығарды.
Ізінше ҰҚШҰ хатшылығының кеңесшісі Павел Саркисян Тәжікстанның 2024 жылы қабылданған және бес жылға арналған тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаның бірінші кезеңі аясында қару-жарақ сұрағанын хабарлады.