3 қаңтарда Астана-Щучинск трассасында 95 көлік соқтығысып қалған. Бұл туралы Ақмола облысы полиция департаменті мен "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы хабарлады. Жол оқиғасына боран себеп болған. Полиция 11 адам зардап шеккенін, төртеуі ауруханаға түскенін айтады.
"Ауа райы жақсарып, жол тазаланғаннан кейін сағат 12:30–да полиция департаменті қызметкерлері мен "ҚазАвтоЖол" арнайы техникасы жол бастап, көліктер Щучинскіге қозғала бастаған. Алайда, алдын ала мәліметтер бойынша, жүргізушілер жылдамдықты және ара қашықтықты сақтамаған" дейді "ҚазАвтоЖол".
Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, 70-тен аса адам эвакуацияланған, олардың арасында 8 бала бар. Ведомство мәліметінше, көліктер соқтығысқан жерге 48 құтқарушы мен 22 техника келген.