Қазақстан парламентінің бірнеше депутаты Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты "ресми қорытындыны күтейік" деп оған дейін "пікір айта алмайындықтарын" жеткізді.
"Апатқа бәріміздің жанымыз ауырып отыр. Бірақ комиссия толық шешім шығармайынша жалпы пікір беру дұрыс емес деп санаймын" деді депутат Максим Рожин. Депутат Самат Нұртаза да осыған ұқсас пікір айтты.
"Ресми қорытынды шықпайынша не айтуға болады?" деген депутат Ермұрат Бапи "егер оның атып түсірілгені рас болса, қандай жағдайда атып түсірілгенін айтпай-ақ қояйық, қателесіп атып түсірді ме, Грозныйда дрон шабуылы болып жатқан кезде радардан көрсетіп атып түсірді ме, ол мәселе емес, ең маңыздысы – өз аумағында ұшақ апатқа ұшырап жатқан кезде Қазақстанның тергеу-тексеру органдары мәселенің ақиқатын айтып, тергеу жүргізуі керек. Егер инцидентке Ресейдің қатысы болса, онда біз өзіміздің тәуелсіз, бейтарап ел екенімізді, Ресейдің саясатына қатысы жоқ, бейбітүйгіш ел, еш тараптың мүддесін қорғамайтын бейтарап ел екенімізді дәлелдеу үшін әділ тергеу жүргізуіміз керек" деді.
25 желтоқсанда Ақтау маңына құлаған Әзербайжан әуе компаниясының ұшағында болған 67 адамның 38-і қаза болды. Олардың арасында Қазақстанның алты азаматы бар. Аман қалған 29 адам ауруханаға түскен. Апаттан зардап шеккен 9 ресейлік және 14 әзербайжан азаматы 26 желтоқсанда арнайы бортпен елдеріне әкетілген. Қазір Ақтаудағы ауруханада үш қырғыз және үш әзербайжан азаматы емделіп жатыр.
Көптеген дереккөз мен зерттеушілер "ұшақ Грозный әуесінде ракетадан зақымданған болуы мүмкін, апатқа осы түрткі болуы мүмкін" деген болжам айтып, соған дәлелдер ұсынып жатқан шақта бір күн бұрын әзербайжан парламентінің депутаты Расим Мусабеков "Ресей ұшақ апаты үшін кешірім сұрауы керек" деген еді.
Бейсенбі күні Euronews телеарнасы Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сүйене отырып, алдын ала тергеу Azerbaijan Airlines ұшағының апатына Ресейдің ракетасы себеп болғанын анықтағанын жазған еді. Одан кейін Reuters агенттігі бірнеше дереккөзіне сілтеп, апатқа Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі себеп болды деп хабарлады.
Ақтауда құлаған ұшақ апат болмай тұрып Грозныйға қонуға бет алғанда аталған қалада дрон шабуылына байланысты ракета ұшырылған. Зымыран аспанда ұшақтың маңында жарылып, сынықтары жолаушылар мен бортсеріктерге тиген.
Әзербайжан үкіметіндегі дереккөз Euronews арнасына "бүлінген ұшаққа Ресейдің әуежайларына қонуға рұқсат етпей, рейсті Каспий теңізі арқылы Ақтауға бұрғанын" айтқан.
Апатты тергеу жөніндегі Қазақстан үкіметі комиссиясының жетекшісі, вице-премьер Қанат Бозымбаев 26 желтоқсанда кешкі брифинг кезінде "барлық нұсқаны растай да, жоққа да шығара алмаймыз" деген.
Көлік министрі Марат Қарабаев Ақтау әуежайының Azerbaijan Airlines ұшағын қабылдауға дайын болды дейді. Оның сөзінше, ұшқыштар ұшақты жолаққа екі рет қондыруға тырысқан.
Ресейлік әуе қорғаныс жүйесінің ұшақ апатына қатысын Әзербайжан билігіндегі тағы бірнеше дереккөз де растаған.