DEMOSCOPE қоғамдық пікірді зерттеу бюросы "қазақстандықтар арасындағы көші-қон көңіл-күйі мен олардың шетелге кеткен білікті мамандар туралы ойы" жөнінде сауалнама нәтижесін жариялады.
Сауалнамаға жауап берген әр бесінші Қазақстан азаматы (21 пайызы) елден кетуді ойлайды, негізгі себеп – табыстың төмендігі мен болашаққа деген күмән.
Сауалнама 2024 жылғы 13-24 қараша аралығында PaperLab зерттеу орталығымен бірлесе отырып жүргізілген. Оған Қазақстанның 17 облысынан, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкенттен жиынтығы 1100 адам қатысқан.
Сауалнама нәтижесіне қарағанда, азаматтардың 6,9 пайызы алдағы 2-3 жылда елден көшуге ниетті. 5,6 пайызы көшуді жоспарлап отырғанымен, әзірге мүмкіндігі жоқ, ал 8,4 пайызы белгілі бір жағдай болса, көшу мүмкіндігін қарастырмақ. 78,5 пайызы "жақын арада елден кетуді жоспарлап отырған жоқпын" деп жауап берген.
"Талдау көрсеткендей, көшуге деген ниет көбіне респонденттердің жасына байланысты. Көшіп кетуге ең көп ниет білдірген респонденттер – жастар мен орта жастағы адамдар арасында байқалған. Мысалы, 18-29 жас аралығындағы адамдардың шамамен 25 пайызы көшу туралы ойланса, 30 жастағылар арасында бұл көрсеткіш 30 пайызға жақын. Одан кейінгі жас санатындағы әр оныншы адам нақты көшуге ниетті (10,7 пайызы "алдағы 2-3 жылда көшуді жоспарлап отыр") деп түйіндейді зерттеу авторлары.
Елден кеткісі келетіндерге "Не себепті көшуді ойлап жүрсіз?" деген қосымша сұрақ қойылған. Көбі "жақсы жалақы алғым келеді" (24,5 пайыз) деп жауап берген, 23,9 пайызы өзінің және балаларының болашағына алаңдайтынын білдірген. 14 пайызы жақсы жұмыс тапқысы келетінін айтқан.
Респонденттер төмендегі себептерді де атап көрсеткен:
Өзін-өзі дамытуға жақсы жағдай (13,2%)
Сапалы білім (11,7%)
Сапалы медициналық қызмет (4,9%)
Кәсіби өсу мүмкіндігі (4,4%)
Қолайлы экология мен климат (3,8%)
Саяхаттау (3,3%)
Өмір сүруге қауіпсіз жер (3%)
Туыстарға жақын жерге көшу (2,6%)
Ортасын кеңейту (1,3%)
Бизнес дамыту (0,7%)
Тарихи отанына оралу (0,6%).
Ресми мәлімет бойынша, кейінгі екі жылда Қазақстанға келгендер саны елден кеткендерге қарағанда көп. Ұлттық статистика бюросының есебіне жүгінсек, 2024 жылдың алғашқы үш тоқсанында Қазақстанға 20 мыңнан астам адам көшіп келген, ал елден кеткендердің саны екі есе аз – 10,2 мың адам.
Дегенмен DEMOSCOPE өкілдерінің сөзінше, көші-қонның оң сальдосы сапа жөнінен емес, тек сандық көрсеткіштерде ғана көрінеді. "Мигранттардың білім деңгейі мен кәсіби біліктілігі көші-қон процестерін талдаудағы негізгі индикатор күйінде қалып отыр" деп тұжырымдады зерттеу авторлары.
Елден кеткендер арасында сұранысқа ие техникалық мамандық иелері (1,2 мың адам), экономистер (589 адам), педагогтар (385 адам), сәулетшілер мен құрылысшылар (261 адам), сонымен бірге заңгерлердің (170 адам) үлесі көп.
Зерттеу авторларының айтуынша, қазақстандықтардың басым бөлігі (63,3 пайызы) отандастарының шетелге қоныс аударуына түсіністікпен қарайды. Респонденттердің 11,4 пайызы оларды сынаса, 21 пайызы бейтарап екенін айтқан.
"Сыртқы көші-қон тенденцияларын болжау мәселесінде респонденттердің көбі (39,2%) алдағы 3-5 жылда Қазақстаннан білікті мамандар көбірек кетеді деп санайды. Қарсы пікір білдіргендер 21,7 пайызды құрады, олар керісінше, елге келетін мигранттар ағымы артады деген ойда. Ал 18,7 пайызы келушілер мен кетушілер саны шамамен тең болады деп есептесе, 20,4 пайызы нақты жауап бере алмады" деп жазылған зерттеуде.
Қазақстандықтар көшіп баруға тұратын лайықты ел ретінде АҚШ (7,7%), Ресей (6,2%), Еуропа елдері (5,1%), Түркия (4,6%) және Канаданы (2,6%) атаған. 35 пайызы өздері көшкісі келетін ел жоғын алға тартқан.
Зерттеу авторларының пікірінше, мемлекеттік басқару сапасын арттырмаса, кәсіби кадрларды қолдауға бағытталған шаралар қабылданбаса, Қазақстаннан білікті мамандардың кету тенденциясын өзгерту өте қиын болмақ.