Жаңаөзенде "Өзенмұнайгазға" қарасты "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" жұмысшыларының ереуілі тоқтады. Бұл жөнінде Азаттыққа мекеме жұмысшысы Ғазиз Махамбетов хабарлады.
"Бүгін таңертең жұмысшылардың барлығы жұмысқа шықты. Жұмысшыларды қудаламау және олардың жалақысын 100 пайыз беру туралы келісім жасалған. Жұмысшылар арасынан төрт-бес адам ереуілде айтылған талаптарды ҚМГ-ға жеткізу үшін Астанаға бармақ" деді 5 желтоқсанда түсте Ғазиз Махамбетов.
Оның сөзінше, жұмысшыларға "талаптарыңды Астанаға апарып жеткізіңдер" деп шақырған. "Кім шақырды?" деген сұраққа БЖМ өкілі "Астанадан ба, басқа жақтан ба, білмеймін, нақты айта алмаймын" деді.
Бейсенбі күні "ҚазМұнайГаз" компаниясы да "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" жұмысшыларының толық жұмысқа шығып, ереуіл тоқтағанын хабарлаған.
ҚМГ-ның мәліметінше, "Бұрғылау жұмыстары басқармасының" кәсіподақ өкілдерімен кезекті келіссөз жүргізілген.
"Талқылау мен түсіндіруді қажет ететін мәселелер бітім комиссиясының отырысында заңнамаға сәйкес және құқықтық шеңберде қаралады" деп жазылған ҚМГ хабарламасында.
Жаңаөзенде 12 қарашада "Өзенмұнайгазға" қарасты "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" жұмысшылары ереуілге шыққан. Олар жұмыс берушіден "Өзенмұнайгаздан" зейнетке шыққан және өндіріс салдарынан денсаулығынан айырылған мұнайшылар баласын жұмысқа орналастыруды, 55-58 жастағы жұмысқа жарамсыз болып қалғандар өз еркімен жұмыстан кеткен жағдайда 300 айлық есептік көрсеткіш (АЕК, 1 107 000 теңге – 2214 доллар) өтемақы төлеуді, техниканы жаңартып, операторлар мен машинистер разрядын көтеруді, дербес еңбекақы жүйесіне өтіп, жалақыға салынатын салықты жұмыс беруші төлесін деп талап еткен.
Бұған дейін "Өзенмұнайгаз" жұмысшылар талабына жауап ретінде хабарлама таратып, оларды орындау мүмкін емес деп мәлімдеген. Компания жауабында ӨМГ зейнеткерлері мен денсаулығына байланысты жұмысқа жарамай қалғандардың баласын жұмысқа алу Жаңаөзендегі 2020 жылы бекітілген жұмысқа орналасу алгоритмін бұзады деп айтылған.