Молдова елдің ресми тілінің атауын румын тілі деп өзгертті
Ел заңында бұған дейін мемлекеттік тіл молдова тілі деп аталып келген еді.
Майя Санду Facebook парақшасында румын тілі қоғамды біріктіріп, елді Еуропа одағымен интеграциялауға көмектеседі деп мәлімдеді.
"Ондаған жыл бойы Молдова азаматтары румын тілінде емес "молдова" тілінде сөйлейді деп келгендер бізді бөлшектеуді көздеді. Бізді екіге бөлгісі келгендер лингвистиканы ойлаған жоқ, олар Молдова халқын дауластырып қоюды көздеді" деп жазды ол.
Кейбір тіл мамандары молдова тілі болмағанын, Румыния мен Молдова халқы румын тілінде сөйлейтінін айтады. Ал тағы бір топ тіл маманы молдова және румын тілдері бір-біріне ұқсас дейді. Молдова ССР-і кезінде елдің ресми тілін молдова тілі деп ауыстырып, әліпбиді латыннан кириллицаға көшірген. Ал 1989 жылы Молдова Совет одағынан бөлініп шыққан соң кириллицадан қайта латын қарпіне өткен. Бұл жолы ел билігі елдің тілін толық өзгерткен жоқ, тек атауын ауыстырды.
Румыния – Еуропа одағының мүшесі, Ал Молдова 2022 жылы Еуропа одағына кандидат ел деп танылған. Молдова азаматтарының көбі, соның ішінде президент Майя Сандуда Румыния азаматтығы бар.
Ресейдің көмегімен өзін мемлекет деп жариялап алған "Приднестровск республикасында" "молдова тілі" ресми тіл болып қала бермек. Бірақ бұл аймақта негізінен орыс тілі қолданылады.