Өзбекстанның Сырдария облысының әкімшілігі аудан әкімдігінің лауазым иелері мен мемлекеттік орган басшыларының жартылай жалаңаш қыздарға ақша қыстырғанына қатысты мәлімдеме таратты.
Облыс әкімшілігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға былтыр қазанда "Еуро Азия" мейрамханасында болған.
Видеоға түсіп қалған лауазым иелері арасында аудан әкімінің орынбасары, аудандық басқарма басшысы, қоршаған ортаны қорғау инспекциясының бас маманы және басқа да шенеуніктер болған.
"Лауазым иелері мейрамханада отырған уақытта ортаға "Шоу-балет" тобының қыздары шыққан. Отырғандарға биші қыздардың кенеттен келуі ұнамаған. Қыздарға ақша қыстырып, олардан бөлмеден тезірек кетуін сұраған. Осы сәт видеоға түсіп қалған" делінген Сырдария облысының әкімдігі таратқан мәлімдемеде.
Видеоны мейрамханада отырған адамдардың бірі түсірген. Онда шенеуніктердің биші қыздардың келуін жақтырмағаны байқалмайды, сол себепті жергілікті әкімдіктің мәлімдемесі шындыққа жанаса бермейді.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, мейрамхана әкімшілігіне бұлай жасауға болмайтыны түсіндірілген, шенеуніктерге қатаң шара қолданылған. Бірақ нақты қай шенеуніктің жазаланғаны, жазаның қандай болғаны айтылмай қалды.