Қарыс жерді аяғымен баспай, жеке меншік «Москвичінен» түспейтін Павел Петрович Калмаков бума қап бірдемені арқасына көтеріп, Шортандының орта көшесін жарып өтті. Мұндағы жұрт тегіс білетін бұл адамның қара балшық, су болған киімін, өрт өшіргендей терлеп-тепшіген түрін көрген, біраз бала шулап ере жүгірді. Тек дала ғана ма, бір қызығы бұл күні Калмаковтың артынан есік алдында күн шуаққа арқасын қақтап, мүлгіп отырған мысық атаулының барлығы мияулап еріп, қоғадай құйрықтарын қойқаңдатып, оны өз үйінің шекарасынан өткізіп жіберіп қалып жатты. Мысықтардың ащы тарғыл мияуы кейбір жүйкесі жұқарған әйелдердің ұрысына тап болып қораларға қуып тығылды.