Қазақстан Ресейден теміржол арқылы бензин әкелуді үш айға шектеді. 3 тамыз күні шыққан "Ресейден жанармай әкелудің кейбір мәселелері" дейтін энергетика министрі бұйрығының мәтіні электронды үкімет сайтында жарияланды. Бұйрық ресми түрде жарияланған соң он күн ішінде күшіне енеді.
Қазақстан жанармайдың бір бөлігін Ресейден алады. Былтыр күзде Қазақстандағы бензин өндіретін үш зауыттың біреуі жөндеуге жабылған кезде жанармай тапшылығы байқалған. Сол кезде энергетика министрі Қанат Бозымбаев "баға Ресейден импортталатын бензин бағасына тәуелді болатынын" айтқан.
Ал өткен аптада Бозымбаев "нарықтағы мұнай өнімдерінің жағдайы тұрақты және жанармай тапшылығы жоқ" деген.