Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) жемқорлық ісі бойынша күдікке ілінген Бішкектің бұрынғы мэрі Құбанышбек Құлматовтың мүлкіне арест салынғанын хабарлады. Комитеттің дерегінше, бұған байланысты сот арнайы анықтама шығарған.
Құлматовқа 18 мамырда Қырғызстанның қылмыстық кодексінің 303 бап, 1-ші бөлімі (“жемқорлық”) бойынша айып тағылған.
Кейінірек комитет Құлматовтың елден кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүргенін хабарлады.
Тергеу дерегінше, 2014 жылы Құлматов Бішкек мэрі қызметін атқара отырып, алдын-ала дерек бойынша құны екі миллион долларлық грант қаражатын заңсыз пайдаланған. Бішкек ЖЭС (жылу электр станциясы) модернизациялау жобасы аясында Қытайдың TBEA компаниясынан алынған қаржы аймақтағы екі жаңа мектептің құрылысына жұмсалуы тиіс болған. Бұған қоса, мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше, ол бұл қаржыны "мектеп құрылысына керек" деген желеумен үкіметтен алып, жергілікті өзін-өзі басқару органына аударған.
Ал Құлматов өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады және өзі басқарған кезде әкімдіктің ақша алмағанын, мектеп құрылысымен ТВЕА компаниясының өзі айналысқанын айтқан. Ол бұған дейін сонымен бірге өзінің үстінен қозғалған қылмыстық істің саяси астары бар деп мәлімдеген.
2014 жылы Бішкек ЖЭС-ын 386 миллион доллармен жаңартуға кіріскен ТВЕА компаниясы бұдан бөлек Бішкекте екі миллион долларға мектеп салып беру міндетін алған. Әуелі 750 орындық мектеп болады деп көрсетілсе де, кейінірек 660 орынға дейін азайтылған.
Құлматов 2016 жылы Бішкек мэрі қызметінен отставкаға кеткеннен кейін мемлекеттік кеден қызметін басқарды. Ол бұған дейін де, яғни 2010-2013 жылдары кеден қызметін басқарған.14 мамыр 2018 жылы Құлматов мемлекеттік кеден қызметі басшысы қызметінен отставкаға кетті.