Сенбіде Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев үкімет жиынын өткізді. Бұл отырыс президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, үкімет мүшелерін сынап, премьер-министрге "өздеріңе сынмен қарау жоқ" деп сөккен жұма күнгі жиыннан кейін, келесі күні өтіп отыр.
Бүгін Қазақстан үкіметінің ресми сайтында жарияланған ақпаратта қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың, ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің, инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбектің, энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың, ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтің, білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің есептері тыңдалған. Есептер Назарбаев "тапсырмаларының орындалуы" жайында болған. Баяндамалар мен талқылауда тағы да не айтылғаны үкімет сайтында толық жазылмаған.
Оқи отырыңыз: Президент "жаппай талан-тараж" жайлы айтып, үкіметті сынады
Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Назарбаев міндетті медициналық қамсыздандыруды кейінге шегеруге тура келгенін тағы бір мәрте еске салған. "Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды заңдастырып, ресми түрде тіркеу керек. Олар салық төлемейді, зейнетақы жүйесіне қатыспайды. Былайша айтқанда, «көлеңкеде» жүр. Мен осыны бес жыл бойы айтып келемін,-" деген Нұрсұлтан Назарбаев. Ел басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне қарата: "Нақты тапсырмалар да бердім. Алайда ол азаматтармен ешкім тығыз айналысып жатқан жоқ. Министр Дүйсеноваға да талай рет айттым. Не болды? Тамара, ал айтшы? Әлде шаршадың ба мына жұмыстан?», - деген еді.
Жұма күнгі президент қатысқан үкімет жиыны біткен соң кешке Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің ауыстырылғаны хабарланған.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың премьерден бастап үкімет мүшелерін сынауы және одан тиісінше қортынды шықпауы үйреншікті жайға айналып келеді. Мәселен, 2013 жылы президент Назарбаев сол кездегі премьер-министр Серік Ахметов үкіметін сынағаннан кейін ресми БАҚ бастап, "Үкімет қайда қарап отыр?" айдарымен мақалалар жариялады. Ал әлеуметтік желіде #Үкімет қайда қарап отыр? хэштегі әжуаға да себеп болған.