Қазақстан ішкі істер министрлігі "Қазатомпром" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтың денсаулығына қатысты Азаттық сауалына жауап берді.
Министрлік ресми жауабында "Жәкішев стационарлық ем алып жатыр. Жағдайы бірқалыпты. Қажетті ем-дом берілді" деген.
Бұған дейін қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында тұтқын Жәкішевтің әлсін-әлі талықсып кететін (синкопе) жағдайға душар болғаны туралы ақпарат жариялаған.
Мұхтар Жәкішевтің ісі
2009 жылы мамырда ұсталып, коррупциялық қылмыс айыбы бойынша 2010 жылы наурызда 14 жылға сотталған "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев қазір Қарағанды облысы Долинка кентіндегі АК-159/6 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Бұған дейін ол Алматы қаласы маңындағы Заречный кентіндегі түрмеде отырған. Қазақстандық белгілі құқыққорғаушылардың пікірінше, Қарағанды облысындағы түрмеде әлі күнге дейін советтік Карлаг дәстүрі сақталған. Билік Жәкішевті бұл түрмеге осымен екінші рет ауыстырған.