Алматыда сот орындаушылары азаматтық белсенді Дильнар Инсенованы пәтерінен шығаруды кейінге қалдырды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бүгін түске дейін «Ақкент» ықшам-ауданында тұратын белсенді Дильнар Енсенованың үйіне сот орындаушылары мен билік өкілдері барды. Көп қабатты үйдің маңында өрт сөндірушілер мен олардың арнайы көлігі, жедел жәрдем қызметі, полиция қызметкерлері, құтқару қызметінің өкілдері де байқалды.
Инсенованың айтуынша, оны ипотекаға алған пәтерінен «қарызын төлеуді кешіктергені үшін» шығармақ.
Белсенді пәтерін 2011 жылы пәтерін Ayt Housing Complex фирмасынан ипотекаға алғанын, осы уақытқа дейін 30 мың доллар төлегенін айтады. Ал 2014-2015 жылдары девальвация болған кезде доллармен есептелетін қарызының көлемі ұлғайып, төлей алмай қалған.
2017 жылдың 6 қазанында Алатау аудандық соты Дильнар Инсенова тұрып жатқан Ayt Housing Complex меншігіндегі пәтерді босату туралы шешім шығарған.
Өзін «фирма өкілдерінің алаяқтық әрекетінің құрбаны болдым» деп санайтын Инсенова фирма қызметін тексеруді талап етіп құзырлы органдарға бірнеше рет хат жазғанын айтады.
Инсенова пәтерін босатудан бас тартып, бірнеше белсендімен бірге пәтеріне бекініп алды. Ол терезеден төменде тұрған сот орындаушысы мен билік өкілдеріне пәтерін қыс кезінде өзін күштеп пәтерден шығарудың заңсыз екенін айқайлап айтып, қарсылық ретінде терезеден секірмекке әрекеттенген. Бірақ оны қасындағы белсенділер ұстап қалып, ол райынан қайтарды.
Бұдан соң сот орындаушысы Сәуле Күншуақова пәтерден шығарудың белгісіз мерзімге кейінге қалдырылғанын айтты.
Инсенованың айтуынша, сот орындаушысы өзіне екі аптаның ішінде басқа жаққа көшуді ұсынған.
Бұдан соң сот орындаушылары мен басқа да арнайы қызмет өкілдері оқиға орнынан тарап кетті.