Президент қазақ тілінің қолданылу аясы туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
– Тағы бір өзекті мәселе бар. Соңғы кезде қазақ тілінің қолданылу аясы едәуір кеңейді. Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін азаматтардың саны көбейді. Бұл қазақ тіліне деген сұраныстың арта түскенін білдіреді. Бұдан бөлек, шетелдіктердің де тілімізді үйренуге деген қызығушылығы күшейді. Қоғамда қазақ тілінің рөлі одан әрі арта түсуі үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Иә, дұрыс айтасыз. Қазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды. Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор саналады. Еліміздің бизнес өкілдері маркетинг саласындағы науқандарын қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушылардың сұранысына қарай өткізетін болды. Мұның бәрі мемлекеттің өте абай болуды қажет ететін әрі саяси тұрғыдан маңызды саналатын осы саладағы саясаты тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Сөз арасында айта кетейін, дүние жүзінде 7 мыңнан астам тіл бар. Соның ішінде үш мыңнан астам тілге жойылып кету қаупі төніп тұр. Қазақ тілі бұл топқа кірмейді. Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-шы орынға тұрақтады. Осы ретте күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы кеңес заманында ана тілімізді әлемдік лингвистика картасынан жойылып кетуден сақтап қалған зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың, журналистер мен ғалымдардың, мұғалімдер мен мәдениет қайраткерлерінің, ауыл еңбеккерлерінің, яғни барша отаншыл азаматтардың еңбегін бағалауымыз керек.
Бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ғылым-білім саласындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, мектептер мен басқа да оқу орындарында қазақ тілін үйрету жүйесін жетілдіруге қоса оқытушылардың мәртебесін арттыру мәселесін де шешу қажет. 2023 жылы «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен құрылған арнаулы қорға қолдау көрсету керек. Цифрлық технологияларды қолдануға баса мән берген жөн. Өйткені қазақ тілінің алдағы тағдыры, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеті көбіне осыған байланысты болады.
Шығармашыл жастар және креативті индустрия мемлекеттік тілді дамыту ісіне пайдасын тигізе алады. Мемлекет экономикадағы болашағы зор осы саланың өркендеуіне барынша қолдау көрсетеді. Отандық және әлемдік нарықта қаржылық жағынан тиімді әрі сұранысқа ие болатын түрлі контентті қазақ тілінде жасау қажет. Бұл жерде әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындары туралы айтып отырмын.
Ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне менің еш күмәнім жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде халқымызды ұйыстыру жолында маңызды рөл атқара береді. Бірақ тіліміздің тұғырын нығайтамыз деп, оны басқа тілдерге, соның ішінде орыс тіліне қарсы қоймау керек.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!