Қарағанды облысында жол апатынан үш адам қаза болған оқиға бойынша жүргізушіге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Сараптама жүргізушінің апатты болдырмау мүмкіндігі болмағанын анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Апат 2024 жылдың ақпан айында Алматы – Екатеринбург автожолының Осакаровка елді мекені маңында болды. Жолда қар үйіндісі (перемет) салдарынан Toyota 4Runner көлігі аударылып, ішіндегі төрт ер адам сыртқа шығып үлгергенімен, көлікті көтеріп қайта орнына қоюға шамалары келмеген. Осы уақытта оқиға куәгері болған басқа көлік жүргізушісі көмекке келген. Бірақ көлікті көтеру әрекеті сәтсіз болған соң, адамдар жолдан шығып кетуге тырысқан. Сол сәтте тағы бір көлік – Honda, қар үйіндісіне соқтығысып, жолдағыларды қағып кеткен.
Апат салдарынан үш адам қаза тауып, екеуі жарақат алды. Осыған байланысты қылмыстық іс тіркелді. Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, тергеу барысында жүргізілген сараптама Honda жүргізушісінің соқтығысты болдырмау үшін техникалық мүмкіндігі болмағанын анықтады.
"Қылмыстық іс қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Бұл шешімді қадағалаушы прокурор мақұлдады. Сонымен қатар, алдын ала тергеу материалдарына сәйкес, жол қозғалысын ұйымдастыруға жауапты жол ұйымдарының қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс тіркелді. Олар жолдарды дұрыс күтіп ұстамау салдарынан үш адамның өліміне себепкер болды", – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қаза болғандардың туыстары Honda жүргізушісіне қатысты істің тоқтатылуына байланысты наразылық білдірді. Олар бейнеүндеу жазып, жүргізушіні кем дегенде жүргізуші куәлігінен айыруды талап етті.
"Біз оны 10 жылға түрмеге отырғызуды талап етпейміз. Ол жас жігіт. Бірақ бізді ашуландыратыны – оны тіпті бір жылға болса да жүргізуші куәлігінен айырмады. Адам жауапкершілікті сезінуі керек", – дейді қаза болғандардың бірінің жұбайы Наталья Терехова.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс республикалық жолдарға жауапты "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының еншілес ұйымына қатысты тіркелген.
"Жол қызметкерлері қарды тазалау және мұзға қарсы материалдарды себу жұмыстарымен айналысқан. Аталған оқиға бойынша пікір білдіру ерте. Барлығы сот шешімінен кейін анық болады. Апат болған жерде төменгі боран, жарықтандыру және жолдың аздап солға қарай бұрылысы байқалды. Сол түні "ҚАЖсервис" Қарағанды облыстық филиалының түнгі ауысымында алты арнайы техника мен бір "Газель" жұмыс істеді. Бұл GPS мәліметтерімен және техника шығысы туралы журналмен расталады", – деп хабарлады "ҚазАвтоЖол" баспасөз қызметі.
Бұған дейін Алматы облысында полицейді көлік қағып кеткені хабарланған еді. 2024 жылдың 20 желтоқсанында Алматы – Өскемен автожолының 42-шақырымында Toyota Camry көлігінің жүргізушісі тайғақ жолда рульді басқара алмай, патрульдік полиция инспекторын қағып кеткен. Осыдан кейін көлік инерциямен Hyundai Elantra қызметтік көлігіне соқтығысқан. Апат салдарынан полицей оқиға орнында қаза тапты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!