Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаев Баку-Грозный бағытындағы ұшақ апатын тергеу үшін Қазақстанға келген 17 халықаралық сарапшымен кеңес өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Көлік министрлігіне қарасты комиссияны Марат Қарабаев басқарады. Министрлікке қарасты бұл комиссия премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын Үкіметтік комиссияның құрамына кіреді.
ҚР Көлік министрлігі мәліметінше, комиссияның басты мақсаты - оқиғаның себебін анықтап, болашақта осындай жағдайды алдын алып, болдырмау үшін ұсынымдар әзірлеу.
"Бүгін Марат Қарабаевтың төрағалығымен штабта барлық 17 халықаралық сарапшының қатысуымен жиналыс өтті. Комиссия жұмыс жоспарын нақтылады. Комиссия оқиға орнына толық құраммен бірге барып, апатқа ұшыраған әуе кемесінің элементтері жиналатын арнайы ангарды қарайды. Әуе кемесінің элементтерін жинайтын күн бірлесе бекітіледі", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!