Тергеу органдары Ақтауда аман қалған екі әйелдің жеке басын анықтау бойынша жұмыс жүргізді. Бірі Әзербайжан азаматшасы делінсе, екінші зардап шегушінің жеке басы әзірге белгісіз, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Соңғы мәліметтер бойынша, Маңғыстау облыстық ауруханасында 27 аман қалған адам бар. Олардың 15-і - Әзербайжан азаматтары, 8 - Ресей Федерациясының, 3 - Қырғызстанның азаматтары, 1 адамның жеке басы белгісіз.
"11 науқас жалпы реанимация орталығында, 13 - травматология бөлімінде, 2 - нейрохирургия бөлімінде, 1 - хирургия бөлімінде жатыр. Пациенттер әртүрлі жарақаттармен түсті, негізінен көп жарақат алғандар (жабық ми жарақаты, ми шайқалуы, жабық кеуде жарақаты, травматикалық шок 1-2 дәрежесі). Реанимация бөлімінде жатқан 11 пациенттің 3-еуі ауыр тұрақты жағдайда, 7-еуі ауыр жағдайда және 1 науқас өте ауыр, тұрақсыз жағдайда. Барлық зардап шегушіге қабылдау кезінде қажетті зерттеулер жүргізіліп, жағдайы тұрақталғаннан кейін профильдер бойынша госпитализацияланды. Бір науқасқа шұғыл түрде лапаротомия жасалып, тоқ ішектің мезентериясындағы жыртылғанды тігу және іш қуысына операця жасалды", - деп хабарлады МОБ баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, санитарлық авиация арқылы Астанадан Ақтауға Ұлттық жедел медициналық көмек үйлестіру орталығы мен жетекші республикалық орталықтардың жоғары білікті мамандары, сондай-ақ Ресейдің Денсаулық сақтау және Төтенше жағдайлар министрліктерінің арнайы ұшағы мен Әзербайжанның санитарлық авиация бригадасы келгені атап өтілді.
Сондай-ақ брифингіде Ақтауда апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағының бортында болған барлық қазақстандықтың қаза тапқаны айтылды.
Еске салайық, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 11:30-да Бакуден (Әзербайжан) Грозныйға (Ресей) ұшқан Azerbaijan Airlines ұшағы Ақтаудан үш шақырым жерде апатқа ұшырады. Жолаушылар ұшағы қалың тұман салдарынан Грозныйға қона алмай, әуелі Махачкалаға, кейін Ақтауға бағытталған.
Апат себебіне қатысты бірнеше нұсқа айтылды. Бір нұсқа бойынша, апатқа ұшақ пен құстар тобының соқтығысуы себеп болған. Тағы бір БАҚ бортта оттегі багы жарылғанын хабарлады. Embraer Ақтау әуежайына 3 минуттан аз уақыт қалғанда рульді басқара алмай, апатқа ұшырады.
Төтенше жағдайлар министрлігі мәліметінше, бортта 69 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған:
42 Әзербайжан азаматы;
16 Ресей азаматы;
6 Қазақстан азаматы;
3 Қырғызстан азаматы;
Ұлты белгісіз екі әйел, біреуі шамамен 32 жаста, екіншісі шамамен 40 жаста.
Кейінгі мәліметтер бойынша, 29 адам аман қалған. Олар Әзербайжан, Ресей және Қырғызстан азаматтары.
Айта кетейік, алғашқы хабарлар 11:20-да келіп түскен, сол кезде Бакуден Грозныйға бағыт алған ұшақ Ақтауға жедел қону үшін сұраныс жасағаны туралы айтылды.
Грозный әуежайының баспасөз қызметі мәліметіне сәйкес, ұшақтың бағытын өзгертуге қалың тұман себеп болған. Ұшақ алдымен Махачкалаға, содан кейін Ақтауға қайта бағытталған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!