Қазақстандық тележүргізуші Санди Сұлтан 25 желтоқсанда Ақтау маңында әуе апатынан қаза тапқан Астана тұрғыны Гаухар Шаймерденова және оның 11 жастағы ұлы туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Өз әңгімесінде ол бірнеше жыл бұрын танысқанын жеткізді.
"Гаухар маған 9 жыл бұрын оқуға (ораторлық шеберлік курстарына - еск.) келді, содан бері біз достасып кеттік. Өте мейірімді, қамқор, зейінді, шынайы, көзі жасыл өте әдемі болатын. Мықты тұлға, тәуелсіз, еркіндікті сүйетін, саяхаттағанды жақсы көретін адам", – деді Санди Сұлтан.
Тележүргізуші Гаухар Шаймерденова нотариуста жұмыс істегенін, ұлдарын қатты жақсы көретінін және анасына қарайлайтынын атап өтті.
"Достарына өте мейірімді және жылы қарым-қатынаста болды. Біз бәріміз отбасымызбен дос болдық. Бізге сыйлықтар әкелетін", – деді ол.
Санди Сұлтан марқұммен жасты болғандарын, биыл Гаухар Шаймерденова 49 жасқа толғанын айтты.
Ол Гаухар Шаймерденованың үлкен ұлы бірінші курс студенті екенін, жақында Аустралиядан ұшып келгенін жеткізді.
"Ол музыкант, Гаухар оны барлық жағынан қолдап, көмек көрсетіп отыратын", – деп қосты тележүргізуші.
Гаухар Шаймерденова кішкентай ұлы Эльдармен бірге ұшқан, ол да қаза тапқан қазақстандықтар арасында. Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі оқушы туралы ақпарат таратты. Ұстаздардың айтуынша, ол дарынды, мейірімді және еңбекқор бала болған және оны танитын барлық адамның жүрегінде жарқын із қалдырды, де жазды ведомство.
Айта кетейік, Ақтауда апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағының бортында болған барлық қазақстандықтың қаза тапқаны айтылды.
Еске салайық, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 11:30-да Бакуден (Әзербайжан) Грозныйға (Ресей) ұшқан Azerbaijan Airlines ұшағы Ақтаудан үш шақырым жерде апатқа ұшырады. Жолаушылар ұшағы қалың тұман салдарынан Грозныйға қона алмай, әуелі Махачкалаға, кейін Ақтауға бағытталған.
Апат себебіне қатысты бірнеше нұсқа айтылды. Бір нұсқа бойынша, апатқа ұшақ пен құстар тобының соқтығысуы себеп болған. Тағы бір БАҚ бортта оттегі багы жарылғанын хабарлады. Embraer Ақтау әуежайына 3 минуттан аз уақыт қалғанда рульді басқара алмай, апатқа ұшырады.
Төтенше жағдайлар министрлігі мәліметінше, бортта 69 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған:
42 Әзербайжан азаматы;
16 Ресей азаматы;
6 Қазақстан азаматы;
3 Қырғызстан азаматы;
Ұлты белгісіз екі әйел, біреуі шамамен 32 жаста, екіншісі шамамен 40 жаста.
Кейінгі мәліметтер бойынша, 29 адам аман қалған. Олар Әзербайжан, Ресей және Қырғызстан азаматтары.
Айта кетейік, алғашқы хабарлар 11:20-да келіп түскен, сол кезде Бакуден Грозныйға бағыт алған ұшақ Ақтауға жедел қону үшін сұраныс жасағаны туралы айтылды.
Грозный әуежайының баспасөз қызметі мәліметіне сәйкес, ұшақтың бағытын өзгертуге қалың тұман себеп болған. Ұшақ алдымен Махачкалаға, содан кейін Ақтауға қайта бағытталған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!