Ақтау маңында болған қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет қаулысы бойынша, Ақтау әуежайының маңында болған Az Airlines әуекомпаниясының Embraer 190 ұшағының апатқа ұшырау себептерін тексеру бойынша Үкіметтік комиссия құрылды. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірген.
"Комиссияға оқиға орнына дереу ұшып барып, ұшақтың апатқа ұшырау себептерін жан-жақты тексеруді қамтамасыз ету, қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету шараларын қабылдау тапсырылды", - делінген хабарламада.
Қазақстан Үкіметі Әзербайжан Үкіметімен болған оқиғаның себептерін жан-жақты тергеу және алғашқы көмек көрсету бойынша бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!