Павлодар облысының тұрғыны оқушы қызды зорлады деген күдікпен ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Павлодар облысының балалар құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық уәкілі Сәуле Шәкеневаның хабарлауынша, күдікті Баянауыл ауданындағы ауылдық мектептердің бірінде оқитын 15 жастағы оқушының өгей әкесі болып шықты.
"Бұл факт оқушының жағдайына назар аударып, оны қадағалап, үйіне барып, бақылау жүргізген сынып жетекшісінің арқасында ашылып отыр. Ол алгоритм бойынша әрекет етіп, жағдайға кінәліні табуға жәрдемдесті", - деді Шәкенева.
Полиция бұл ақпаратты растады.
"Зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сәуле Шәкеневаның айтуынша, бала қазір дәрігерлердің бақылауында.
"Кәмелетке толмаған баламен психологтар жұмыс істеп жатыр", - деп қосты ол.
Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысында өз қызын зорлаған ер адам тергеу изоляторында өз көзін ойып алған еді. Сотта қыздың биологиялық әкесінің жыныстық зорлық-зомбылығы екі жылдан аса уақытқа, 2021 жылғы ақпаннан 2023 жылғы мамырға дейін созылғаны белгілі болды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!