Мәдениет және ақпарат министрлігі Telegram компаниясынан мессенджерді пайдаланатын қазақстандықтар туралы мәлімет сұралды ма деген сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қыркүйектің аяғында Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров компания платформа ережелерін бұзғандардың IP мекенжайлары мен телефон нөмірлерін құзырлы органдарға беретінін айтқан. Кейін Дуров Telegram жеке деректерді 2018 жылдан бері беріп келгенін айтты.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабы бойынша, ведомство Telegram онлайн-платформасының әкімшілігіне мессенджерді пайдаланатын қазақстандықтардың жеке деректерін беру туралы өтініш жасамаған.
"Бұл ретте, байланыс туралы Заңға сәйкес, Қазақстанның арнаулы мемлекеттік органдары мен құқық қорғау органдары өз құзыреті шегінде Заңның 41-1-бабының бірнеше тармақтарында көрсетілген ақпаратты таратқан адамды анықтау және жауапқа тарту бойынша жедел-іздестіру, қарсы барлау және қылмыстық-процестік шаралар қабылдайтыны анықталды", - деп мәлімдеді министрлік.
Заңның аталған тармақтары байланыс желілері мен құралдарының жұмысын тоқтата тұру тәртібін сипаттайды. Қысқаша айтқанда, бұған жеке тұлғалардың экстремизм мен терроризмге, жаппай тәртіпсіздіктерге, сондай-ақ ауыр қылмыстарға әкелуі мүмкін әрекеттерге шақыруы себеп болуы мүмкін. Министрлікте олар әлеуметтік желілер мен интернет-сайттарды Қазақстанның қолданыстағы заңнамасының заңбұзушылықтарын анықтау тұрғысынан, атап айтқанда - азаматтардың дербес деректерін заңсыз тарату, сондай-ақ дербес немесе биометриялық деректерді, кәмелетке толмағанның жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін өзге де ақпаратты тарату бойынша үнемі мониторинг жүргізіп отыратынын атап өтті.
"Жыл басынан бері Telegram онлайн-платформасында интернет желісінің мониторингі барысында Қазақстан заңнамасын бұзудың барлығы 6 105 дерегі анықталды: азаматтардың дербес деректерін заңсыз тарату, ұлтаралық алауыздықты қоздыратын ақпаратты тарату, порнографияны тарату, интернет-казино қызметі, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын насихаттау", - деді в Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Барлық анықталған заңбұзушылықтар бойынша Telegram мекенжайына құқыққа қайшы материалдарды жою жөнінде шаралар қабылдау үшін хабарламалық сипаттағы 315 әрекет етуші құжат жіберілген.