Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылу беру маусымының басталуына байланысты мәселелер қаралды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-министр жылу беру уақтылы жүзеге асырылғанын атап өтті – ешқандай үзілістерге жол берілмеді, алдағы күндері еліміздің оңтүстік өңірлерінде де жылу беріледі.
"Үлкен жұмыс атқарылды. Оны бөлінген қаржы көлемінен де, жүргізілген жұмыс ауқымынан да байқауға болады. Енді ең бастысы – жылу беру маусымын қалыпты деңгейде өткізіп, жоспарланған барлық параметрлерді сақтай білу. Коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу бөлімшелерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету маңызды", - деді Үкімет басшысы.
Өңірлердің әкімдеріне жылу беру маусымының барлық мәселелерін жеке бақылауда ұстау тапсырылды.
Бүгінде еліміздің бірқатар облыстарында жылу көздерінің резервтік жабдықтарында жөндеу жұмыстары жалғасуда, жоспарлы жобалар іске асырылып жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!