Қазақстанда суицидке әкеледі деген ойындармен күресе ме? Tengrinews.kz тілшісіне Мәдениет және ақпарат министрлігі жауап берді.
Алматыда жасөспірімдер суициді жағдайларынан кейін ата-аналар балаларының смартфондарын тексере бастады және оларда да Schoolboy Runaway ойыны бар екенін байқап жатыр. Сондай-ақ ата-аналардың ойынша, Telegram-чаттар мен "Қызыл дельфин", "Тыныш үй" секілді ойындар қауіпті.
Мемлекеттік органдар "қауіпті" ойындарды тексереді ме?
Мәдениет және ақпарат министрлігінің осындай мәселелер бойынша уәкілетті ақпарат комитеті заң бұзушылықтарды және өз-өзіне қол жұмсауды насихаттауды анықтау үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалардың өнімдерін үнемі тексеріп отыратынын хабарлады. Ықтимал қауіпті сайттар жағдайында ұйғарымдар шығарылады және оларға қол жеткізу шектеледі, ал әлеуметтік желілер жағдайында олардың әкімшілігі заңсыз мазмұн туралы хабар алады.
Мемлекеттік органдар "Кибернадзор" ақпараттық жүйесінің көмегімен өзара әрекеттеседі, оған Қазақстан заңдарымен таратуға тыйым салынған немесе шектелген ақпаратты желі арқылы таратудың анықталған фактілері енгізіледі.
Суицидті насихаттау белгілері бар қанша материал анықталды?
2023 жылы министрлік өз-өзіне қол жұмсауды насихаттау белгілері бар 16 материалды анықтады, олар бойынша бұзушылықтарды жоюды талап ететін онлайн-платформалар мен интернет-ресурстардың иелеріне 7 ескерту хаты жіберілді. 2024 жылдың басынан бастап өз-өзіне қол жұмсауды насихаттау белгілері бар 52 бұзушылық фактісі анықталды, оның ішінде Telegram - 20 (19 жойылды), Тикток - 20 (барлығы жойылды), Youtube - 8 (қолжетімді), Facebook - 1. 40 заңсыз материалды жою бойынша шаралар қабылданды, олардың он алтысында "Қызыл дельфин" және Schoolboy Runaway ойындары туралы ақпарат бар, олардың он үші жойылды.
Schoolboy Runaway ойыны App Store, Google Play және Yandex.kz қосымшалар дүкендерінде қолжетімді. Осы платформалардың иелеріне заңнаманы бұзу туралы үш хабарлама жіберілді.
"Жоғарыда аталған бұзушылықтың барлық фактілері онлайн-платформаларда және танымал интернет-ресурстарда, соның ішінде жоғарыда хабарланғандай, хабарлама жұмысы жүргізіліп жатқан мобильді қосымшалар дүкендерінде анықталды", - деп атап өтті министрлікте.
Еске салайық, Қазақстанда соңғы екі аптада он суицид оқиғасы орын алды, оның жетеуі - Алматыда. 12 және 13 жастағы қыздар, 17 жастағы жасөспірім, жергілікті жоғары оқу орнының студенті және үшінші курс курсанты қайтыс болды.