Бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевтың ісі "Құпия" белгісімен тергеліп жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мәжіліс кулуарында Сарқұловтан Бекетаевтың ісінің "Болашақ" консалтингтік компаниясының бас директорына қатысты тергеуге қатысы бар ма деген сұрақ қойылды.
"Істерде "Құпия" белгісі бар. Миллиондаған доллар қаржы кетіп, шешімі табылмаған арбитраждық істер республиканың пайдасына болмағандықтан, қазір тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді Ұлан Сарқұлов.
Бас директор мен экс-министрдің бір іске қатысы бар ма деген сұраққа агенттік төрағасының орынбасары жауап бермеді.
"Істер құпия. Мен қазір былай немесе былай деп айта алмаймын. Істер бар, біз бұл істерге міндетті түрде құқықтық баға береміз", - деп толықтырды Сарқұлов.
Еске салайық, Әділет министрлігінің бұрынғы басшысы Марат Бекетаев 2023 жылдың қазан айында ұсталған болатын.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!