Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров биыл 6 қазанда АЭС салу бойынша референдум қалай өтетінін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ол Қазақстанда 12 176 968 сайлаушы барын атап өтті.
"Референдумда жалпы 10 327 сайлау учаскесі болады. Қазақстандықтардың тіркелген жері бойынша сайлау учаскесінің саны - 9 709, уақытша учаске - 618. Мұнда 78 сайлау учаскесі (63 елде) шетелде орналасады. Барлық сайлау комиссиясының мүшелерінің саны 70 мың 49 адам болады", - деді Константин Петров.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі науқан қалай жүргізілетінін түсіндірді:
12 қыркүйекке дейін жергілікті атқарушы билік БАҚ-та сайлау учаскелерінің шекарасы туралы, ал аумақтық референдум комиссиясы сайлау комиссиясының құрамы және олардың орналасқан жері туралы ақпаратты жариялайды;
15 қыркүйекке дейін жергілікті атқарушы билік әкімнің қолы қойылған сайлаушылардың тізімдерін референдум учаскесіне, ал жоғары тұрған комиссияға және Орталық сайлау комиссиясына тізімнің электронды нұсқасын беруге тиіс;
26 қыркүйекке дейін учаскелік референдум комиссиялары дауыс берушілердің тізімін алғаннан кейін ауқымды жұмысты бастайды: азаматтар дауысты қашан және қайда бере алатыны, не үшін дауыс беру керегі, сайлау учаскесі қай мекенжайда орналасқаны туралы ақпаратты береді;
Бюллетеньдер дауыс беру күніне дейін 1 күннен кешіктірілмей жеткізілуі керек;
5 қазан - үнсіздік күні. Үгіт-насихат дауыс беру күніне дейін түнгі сағат 00.00-де аяқталады.
6 қазан - референдум күні. Дауыс беру сағат таңғы сағат 7:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жүргізіледі. Дауыс берушілерге ыңғайлы болу үшін аумақтық референдум комиссиялары өзге уақытты белгілеуі мүмкін. Мысалы, вахталық әдіс арқылы жұмыс істейтіндер үшін.
12 сағаттың ішінде дауыс саналады. Өңірлерге Орталық референдум комиссиясына дауыс беру қорытындысының жиынтық хаттамасын жинауға және жеткізуге 2 күн беріледі.
Орталық комиссия 7 күн ішінде референдумның қорытындысын белгілеп, ресми хабарламаны БАҚ-та жариялауға тиіс.
Айта кетейік, кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу мәселесіне қатысты ұлттық референдум 6 қазанда өтетінін мәлімдеген еді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!