Алматыда Қоғамдық даму басқармасына қарасты ведомстволық мекеме қызметкерлерінің жалақысы өсуі мүмкін. Бұл туралы қалалық мәслихат сессиясында Алматы қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгінде басқарма қарамағында "Өңірлік коммуникациялар орталығы", "Қоғамдық келісім", "Қоғамдық даму орталығы" коммуналды мемлекеттік мекемелері жұмыс істейді. Айдар Есенбековтің айтуынша, бұл мекемелерде орташа айлық - 167 мың теңге.
"Басқарманың қарамағындағы мекемелерде еңбекақы төмен. Еңбекақы төмен болуына орай кадр тапшылығы өзекті және жұмыс тиісті деңгейде жүзеге аспайтыны байқалады. Бұл жайт жұмыс барысына кері әсерін тигізіп отыр.
...Басқарманың қарамағындағы коммуналды мемлекеттік мекемелердің еңбекақысына қосымша ынталандыру қарастыруды ұсынып отырмыз. Осы мекемелерде еңбекақыны 50 пайызға көтеруді сұрап отырмыз", - деді басқарма басшысы.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтардың орташа жалақысы қанша екені жарияланды.
2024 жылғы II тоқсанда жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орташа деңгейі) 278 296 теңге болды.