Әлеуметтік желіде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әйелге шабуыл жасалғаны туралы видео пайда болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оқиға 2 тамызда болған. Видеода әйел еңбек демалысы мәселесін шешу үшін университетке келгенін, сот арқылы жұмысына оралғасын бұған құқығы барын айтады. Оның сөзінше, 16 маусымнан бастап әлі күнге дейін заңды еңбек демалысын алмаған. Оқытушы Гаухар Дүйсембиева кафедра меңгерушісіне де жүгінгенін жеткізді. Оның айтуынша, университет қызметкерлері шабуыл жасап, телефонын алып, дене жарақатын салған.
Видеода әйел денесі көгерген, жарақаттанған жерлерді көрсетеді. Ол камерамен жүріп, әр қадамын түсіруге мәжбүр екенін айтады, өйткені бұл мұндай бірінші жағдайы емес екен.
Мұғалім қазір қылмыстық іс қозғалғанын айтып, басқа адамдарға ақпаратты жария етуге тыйым салынғанын, сондықтан болған оқиғаның мән-жайын ашып айта алмайтынын мәлімдеді. Гаухар болған жағдайға байланысты университет ректорының атына үндеу жібергенін, бірақ әлі жауап алмағанын да жеткізді. Ол дене жарақатын растайтын құжаттарды, соның ішінде травматологтың қорытындысын, аурухана парағын, жедел жәрдем дәрігерінің парағын ұсынды.
Алматы Полиция департаменті өкілі қазір болған оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатқанын растады.
"Бостандық ауданының полиция басқармасы ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Жарақат қаншалық ауыр екенін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды", - деді ПД өкілі.
Университет әкімшілігі де жағдайға қатысты пікір білдірді. ЖОО өкілдері де Г.Дүйсембиеваның арызы негізінде бұл іс тіркелгенін мәлімдеді.
Ал Гаухар Дүйсембиеваның айтуынша, ҚазҰУ-да еңбек шартын бұзу туралы бұйрық пен хабарламаға екі рет оның жалған қолы қойылған. Алматылықтың сөзінше, мұны сот пен қолжазба сараптамасы дәлелдеген, сонымен қатар, жұмысқа қайта орналасу туралы сот шешіміне қарамастан, университет басшылығы мұны тиісті түрде орындамаған. Әйелдің айтуынша, Бостандық сотының 2024 жылғы 15 шілдедегі шешімін тиісінше орындамағаны үшін сот орындаушысы ректорға қарсы арыз түсіген.
Дегенмен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өкілдері Гаухар Дүйсембиева 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап қазіргі уақытқа дейін оқытушы болып жұмыс істейтінін растады.
"2022-2023 оқу жылында орыс филологиясы кафедрасының оқытушысы лауазымында 1,5 ставка алды. Ал 2023 жылы қыркүйектен бастап ҚазҰУ бейінді мектебінің оқытушысы (1,18 ставка алады). Осылайша, Дүйсембиева кейінгі екі оқу жылында ҚазҰУ-да үздіксіз жұмыс істеп келе жатыр, бұл тараптар қол қойған жеке еңбек шарттарымен заңдастырылған.
2024 жылғы шілдеде, 10 айдан аса уақыт өткеннен кейін Дүйсембиева ҚазҰУ-дың оқытушысы бола отырып, сол университетте орыс филологиясы кафедрасының оқытушысы лауазымына қайта орналасу туралы негізсіз азаматтық іс қозғады. 15 шілдеде Бостандық ауданының соты Дүйсембиеваның талап арызын қанағаттандырып, ЖОО-ның орыс филологиясы кафедрасы мен ҚазҰУ-дың бейінді мектебі әртүрлі заңды тұлға екенін мәлімдеді, бұл шындыққа сәйкес келмейді және әділет органдарында тіркелген жарғылық құжаттарға қайшы келеді", - деді оқу орнындағылар.
Университет әкімшілігі мәліметінше, қазір бұл іс апелляциялық тәртіппен қаралып жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!