Соңғы жылдары жасанды интеллект (ЖИ) түрлі салада таңғаларлық мүмкіндіктерді көрсетіп, қарқынды дамып келеді. Нейрожелілер мәтін мен суретті түрлендіре алады, ән шығарып, тапсырмаларды орындай алады. Яғни, қазір ЖИ бұрын адамдар ғана жасай алатын нәрселерді орындай алады. Осыған байланысты сұрақтар туындайды: ЖИ-дің дамуынан қорқу керек пе және оның дамуымен қандай мамандықтарға сұраныс азаюы мүмкін? Бұл сұрақтарға Massaget.kz тілшісіне product-менеджер Олжас Салмурза жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жасанды интеллектінің дамуынан қорқу керек пе?
Бұрын жасанды интеллект жағымсыз дүниемен ұқсастырылатын. Мысалы, көпшілік жасанды интеллект десе, роботтардың адамдарды басқаруын елестетін. Алайда 2022 жылы адамдардың жасанды интеллектіге деген көзқарасы өзгере бастады: олар нейрожелілердің мүмкіндіктерін пайдалана бастады. Мысалы, 2022 жылы қараша айында таныстырылған - ChatGPT чат-боты. Бұл нейрожелі мәтіндерді түрлендіріп қана қоймай, басқа да көптеген тапсырмаларды орындайды.
Нейрожелілер әр адамның күнделікті өміріне білдіртпей еніп кеткен: ақылды колонкалар қолданушының көңіл күйіне қарай ән таңдап береді немесе жолдағы камералар қауіпсіздік белдігін тақпаған адамдарды тіркеп алады. Кей адамдар нейрожелілерге әуестену құралы ретінде қарайды, алайда оның потенциалы кең.
"Жасанды интеллекті дамып жатқанда этика, қауіпсіздік және құпиялылық мәліметтерін уақытында ескерсе, барлық процестерге ЖИ-ді енгізуді бақыласа, оның дамуынан қорқудың қажеті жоқ. Үрейге емес, өзгерістерге бейімделуге назар аударған дұрыс. Жаңа дағдыларды үйреніп, ЖИ-ді өміріңіз бен жұмысыңызды жақсартуға қолдануға болады", - дейді Олжас Салмурза.
Жасанды интеллект қандай мамандарды алмастыра алады?
Жасанды интеллектінің дамуымен IT саласындағы мамандарға сұраныс азаяды деген пікір бар. Алайда Олжас Салмурзаның ойынша, керісінше, IT-мамандарға сұраныс артып келеді.
"Нейрожелілер кез келген адамның IT әлемге кіруін жеңілдетті. Алайда менің ойымша оларға сұраныс азайған жоқ, керісінше артты. Жасанды интеллектінің енгізілуімен алгоритмдерді әзірлеу және қолдау, үлкен деректерді өңдеу, машиналық оқыту және нейрондық желілерді құру сияқты жаңа тапсырмалар пайда болды. Бұл әзірлеушілерге, деректер инженерлеріне, машиналық оқыту мамандарына және басқа IT-сарапшыларға сұраныстың артуына әкелді", - дейді ол.
Product-менеджер ЖИ-дің дамуымен қарапайым тапсырмаларды орындайтын мамандарға сұраныс азаюы мүмкін екенін ескертті.
"Жасанды интеллектінің дамуымен біркелкі және қарапайым тапсырмаларды орындайтын мамандықтарға сұраныс азаяды. Мысалы, конвейер қызметкерлері, мәліметтерді енгізіп отыратын call-орталықтардың операторлары немесе қызметкерлері, - дейді Олжас Салмурза. - Жасанды интеллект бұл тапсырмаларды жылдамырақ және нақтырақ орындай алады, сондықтан болашақта мұндай мамандықтарға сұраныстар азаюы мүмкін".
Сурет ChatGPT көмегімен жасалған
Жасанды интеллектінің көмегімен кімдердің жұмысы жеңілдейді?
Маман жасанды интеллект көптеген сала жұмыстарын жеңілдететінін айтып, мысал ретінде бірнеше салаға толқталып өтті:
Қаржы саласында және бухгалтерияда есептеулер мен шоттарды салыстыруды автоматтандырады, қателіктердің ықтималдығын азайтады;
Маркетингте ЖИ клиенттердің мінез-құлқына анализ жасайды және жарнамалық компанияларды дербестендіреді;
Медицинада анализдер мен суреттер арқылы ауруларға диагностика жасап, емдеу жоспарларын жасауға көмектеседі;
Клиенттерге қызмет көрсетуде чат-боттар операторларды қарапайым сұрақтарға жауап беруден босатады;
Заңгерлер құжаттарды іздеу және анализ жасау үшін ЖИ пайдаланады;
Білім беру саласында ЖИ оқуды студенттерге бейімдеуге және тапсырмаларды тексеруге көмектеседі;
Шығармашылық мамандықтарда да жасанды интеллект күнделікті тапсырмаларды өз мойнына алып, мамандарды күрделірек жобалармен айналысуға босатады.
Блогерлер жасанды интеллектіні қалай қолдана алады?
Қазір көпшілік адам әлеуметтік желілердегі парақшасын белсенді жүргізеді. Балалар болса, кішкентай кезінен бастап блогер болғысы келетінін айтады. Блогерлер де жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдалана алады.
"Жасанды интеллект (ChatGPT, Gemini, Perplexity AI) пост салуға, мәтін жазуға, тақырыптар ойластыруға және материалдарды редакциялауға көмектеседі. Мысалы, ЖИ құралдарын шимай жазуға немесе берілген тақырыпқа креативті пост жасауға пайдалануға болады. Сондай-ақ блогерлер оның көмегімен суреттер (Midjourney, Dall-e 3, Leonardo AI, Stable Diffusion) жасай алады. Сурет пен видеоның сапасын жақсартатын да құралдар (Neural.love) бар", - дейді Олжас Салмурза.
Алайда маман ЖИ жасап берген нәтижені міндетті түрде тексеру керегін ескертті.
"ЖИ жасап берген нәтижені тексеріңіз және өз стиліңізге немесе аудиторияңызға сай түзеу керек. Әйтпесе, аудитория сіздің ЖИ қолданатыныңызды бірден түсініп қояды және сіздің контентті бірегей деп санамайтын болады", - дейді ол.
Маман блогерлер ЖИ көмегімен пікірдегі немесе жеке хаттардағы стандартты сұрақтарға жауаптарды автоматтандырып қоя алатынын айтты. Блогерлер үшін ЖИ қолданудың мүмкіндіктері өте көп, бастысы, сіздің қажеттілігіңізге сай келетін құралды табу керек.