Ақтөбе облысында ер адам мен үш бала жабайы үйректерге жүзіп барамыз деп өзенге батып кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Құтқарушылар жантүршігерлік қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді. Әйтеке би ауданында Ырғыз өзеніне ер адам мен үш бала батып кетті. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтуынша, отбасы Атырау облысынан қонаққа келген. 3 тамызда отбасы өзенге демалуға барған. Үш бала суға түсіп жүріп, жабайы үйректерді көріп, құстарға қарай жүзіп бармақ болған.
"Әйтеке би ауданы Темірбек Жүргенов атындағы ауыл аумағында кәмелетке толмаған үш бала суға батып кетті. Үлкені 13, ортаншысы 11, кішісі 8 жаста. Өзенде жабайы үйректер болғаны анықталды. Оны көрген балалар жақынырақ баруды ұйғарған. Үйректер жағаның арғы жағында жүрген екен. Балалар күші сарқылғаннан кейін суға бата бастаған", - дейді Ақтөбе облысы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Жанболат Төлепбергенов.
Балалардың суға батып бара жатқанын көрген ер адам оларға қарай жүгіріп, ол да суға кеткен. Қайғылы оқиға куәгерлердің көзінше болған. Олар оқиға орнына полиция мен құтқарушыларды шақырған. Белгілі болғандай, суға кеткен кәмелетке толмаған баланың екеуі марқұмның баласы.
"1985 жылы туған ер адам. Бұл оқиғаға жергілікті тұрғындар куә болған. Суға батып кеткендердің денесі судан шығарылды", - деп хабарлады Ақтөбе облысының ТЖД.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!