Жамбыл облысында есірткі тасымалдаушылар қылмысты жасыру үшін көліктерін өртеп жібермек болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Патрульдік полиция қызметкерлері кинолог мамандарымен бірлесіп, "Қарасора – 2024" жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында Алматы – Екатеринбург тасжолының 340-шақырымында Lexus ЕС 350 автокөлігін тоқтатқан.
"Жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында жолаушысы көлікке жанармай төгіп өртеп жібермек болған. Алайда полиция қызметкерлерімен өрт дер кезінде сөндірілді. Аталған көлікті Лэтти атты қызметтік-іздестіру итімен тексеру кезінде артқы жүк салғышынан 4 полиэтилендік қапшыққа оралған өткір иісті, есірткіге ұқсас зат табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат салмағы 105 келіге жуық кептірілген марихуана екені анықталды", - делінген хабарламада.
Есірткі затын заңсыз сақтағаны және тасымалдағаны үшін Түркістан облысының және Астана тұрғындары ұсталды. Қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынғаны айтылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!