Саябақ жиһаздарын, қоршаулар мен субұрқақтарды күтіп ұстау: Алматыда көріктендірудің жаңа ережесі әзірленді
Алматыда қауіпсіз, ыңғайлы және экологиялық қолайлы қалалық ортаны құру мақсатында көріктендірудің жаңа ережесі қабылданды.
Алматы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Дулат Әшкеновтың айтуынша, жаңа ережеге бұрын көзделмеген нормалар енгізілген. Атап айтқанда, бау-бақша жиһаздары, бау-бақша жабдықтары, мүсіндер мен шағын сәулет нысандары таза әрі жарамды күйде ұсталуы керек.
"Көктемгі уақытта шағын сәулет нысандары тексеріліп, тазартылды, боялып, сынған элементтері ауыстырылды. Қоршаулар міндетті түрде тексеріледі және тиісті техникалық жай-күйге келтіріледі, қажет болса сырланады. Сонымен қатар, субұрқақтар жұмыс істеген кезде күнделікті тазартылады", - деді Дулат Әшкенов.
Көріктендіруді қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері, аумақты абаттандыруды, күтіп ұстауды және пайдалануды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар қамтамасыз ететінін атап өткен жөн. Мегаполис аумағын көріктендіру және жинауды ұйымдастыру мәселесі бойынша жеке және заңды тұлғалардың қызметін Алматы әкімдігі үйлестіреді.
Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Борис Жапаров жаңа көріктендіру ережесін енгізуді қолдап отыр. Оның айтуынша, жаңа өзгеріс шаһар тұрғындарының жауапкершілік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
"Көптеген алматылық қаланың сыртқы келбетіне шағымданады. Алайда біздің шаһарды көріктендірудің дамуы жауапты органдарға ғана байланысты емес. Біріншіден, бұл әр тұрғынның жауапкершілігі", - дейді сарапшы.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы 19 шілдеде VIII сайланған мәслихаттың кезектен тыс ХХІ сессиясында депутаттар Алматы қаласының аумағын көріктендірудің жаңа ережесін бекітті. Бұл шаралар "Таза Қазақстан" республикалық акциясының мақсатына сәйкес келетін қауіпсіз, ыңғайлы әрі экологиялық жайлы қалалық орта құруға бағытталған.