Павлодарда полиция қызметкерлері тұрғынды құтқарып қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сңлтеме жасап.
29 маусым күні сағат 03:40 шамасында 102 арнасына Н.Назарбаев даңғылы бойындағы 91 үйдің 8-қабатының балконында ер адамның асылып тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына дереу патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Жанат Данияр, Нұржан Қалиев, Дамир Дүйсембаев және Бауыржан Нұрғазынов жедел жетті.
"Біз барған кезде ер адам 8-қабаттың балконында асылып тұрды. Біз бірден жоғарыға көтерілдік, оған тек сол азаматтың пәтері арқылы ғана кіруге мүмкіндік болды. Оқиға орнында жедел жәрдем қызметкерлерімен бірге пәтердің есігін ашып, балконға өтіп, әріптесім төмен түсіп, ер адамды денесінен байлап, бірге жоғары шығардық. Ер адам болған оқиғаны түсіндіріп айтып беретіндей жағдайда болмады. Бөлмеде біз онымен жақын тілдесіп, оның жақындарына керек екенін айттық. Сол сәтте біз үшін ең бастысы – адамды құтқару болды. Әр секунд маңызды болды", – дейді қызмет инспекторы Нұржан Қалиев.
Ер адам мұндай әрекетке туыстарымен жанжалдасып қалғаннан кейін барғаны анықталды.
Кейін полицейлер оны жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды. Полиция департаментінде облыстағы тәртіп сақшылары күн сайын азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін қызметке кірісетінін атап өтті. Оларды қылмыстық әрекеттерден қорғайды және қиын өмірлік жағдайға тап болғандарға көмектеседі және бұл мұндай бірінші жағдай емес.
"Азаматтарға көмектесу, кез келген жағдайда қолдау көрсету, дұрыс әрекет ету – біздің тікелей міндетіміз. Отанға, азаматтарға адал болуға ант қабылдай отырып, бәріміз полиция қызметі адалдықты, батылдықты, адамдарды құтқару үшін өмірі мен денсаулығын қатерге тігуге дайын болуды қажет ететінін түсінеміз", – дейді павлодарлық полиция қызметкерлері.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!