Халық ұғымында киіз үйді құрастыру «тігу», қайта бөлшектеу «жығу» деп аталады. Тігу үшін алдымен керегелерді бір-біріне қосып, оның екі жағын есік босағасына таңғыштар арқылы бекітеді. Есік шығыс жаққа қаратылады. Кереге басын бас арқанмен орай тартып, маңдайшаның екі жақ басына мықтап байлайды. Үйдің берік тұруы, оның салмағы осы бас арқанға түседі.