Келтесай разъезіне жолаушы пойызы бір-ақ минут аялдайды. Ал экспресс тоқтамақ тұрмақ, екпін бәсеңдетпей, жұлдызша ағып өтеді.
Хадиша ұзатылған қызының үйінде қыстай жатып, енді ауылына қайтпақшы болған. Қызы Жанат пен күйеу баласы Жекен:
— Әлі бола тұрсаңызшы, ауылыңызға барғанда не бітіресіз жападан-жалғыз, — деген.
— Е, шырақтарым, тірі адамның тіршілігі таусыла ма. Көктем болса шығып қалды. Көк сиырды Шалабай көршіге: «Әуелі құдай,одан соң өзіңе тапсырдым» деп кетіп ем, бұзаулайтын кезі еді, ол не болды екен? Шалабайы түскірдің қарасаны сүзеген еді, көк сиырды сүзіп бұзау тастатып қойды ма — қайдан білейін.
— Апам-ай, әйтеуір. Сол сиырды сатып жіберіп, біржолата келсеңізші, не бар...