— Жұрттың сендей баласы әуедегіні арбап, жердегіні жалмап жұлынып тұрады. Мынаның жатысын қара, ей! Манаптың баласы ма едің, ей, түске дейін ұйқысын аша алмай манаурайтын?
Айша әлгінде-ақ, сиыр сауарға шыққанда-ақ:
— Тұр, киін, базаршылар кетіп қалатын болды, — деп ескертіп кеткен. Қорадағы қызыл сиырдың сүтін қақтап сауып қайтып кіргенде, мен әлі ұйқымды аша алмай мең-зең болып отыр едім, енді шайдай ашылды. Айшаның ашуы өзі даладан бірге ала кірген аяз буынан да ызғарлы.
Күн жексенбі еді. Жексенбі келсе Мыңбұлақтың тірі жаны Борандының базарына қарай ағылады. Айша мені сол базарға жұмсайды ғой.
— Міне, мынау үш қадақ май, — деді ол дорбаға...