Хадиша қалжалаған адамдай, қара суға түсіп, көп терледі. «Енді осы бір ыстық судан өлсем де қояйыншы» деп бір ойлады. Ақ шайнектің қақпағын ашып қарап еді, буы бұрқ етті де, түбінен қып-қызыл қою шай жайнап көрінді. «Шай шекеге тимейді ғой, сарқып іше салайын», — деді тағы да.
Сыны кетпеген қызыл шырайлы жүзінен тер шүмектейді. Көзіне құйылып кете береді. Хадиша дастарқандай ақ бет орамалмен көзінің терін сүртіп, дәлізден тысқа қарады. Арық бойындағы орылмаған шырмауық пен сора тот басқан қаңылтырдай қошқылданып кетіпті. Алма ағаштардың жапырағын тозаң тұтып қалған. Барып тұрып әрқайсысын дымқыл шүберекпен сүрткің келеді. Алмасының күн жақ беті қызара бастапты. Жүгерінің желегі...