Жапанда жалғыз ағаш егіледі...
Әулие ағаш түс көрді. Қалың орманның ішінде, жасыл дүниенің төрінде екен. Таңда шыққан Күнді жапырағы желбірей иіліп, көкжиектен көтеріп алыпты... Құс біткен алтын шуаққа шомылып, алтын қанаттары жалтылдап, ән салады. Күнге мадақ. Көкжасыл тіршілікке мадақ... Ұшар басында екі алтын көкек жұптасып, бір ырғақпен лебіз қосады. Екеуінің үні айналаға гүл болып тамады. Көкжиекке дейін құлпырған гүл... Қызыл, жасыл, көгілдір... тамшылар, тамшылар... Желбір жапырақ жамылған алып бұтақтары аспанды қаусырардай аумақтана жайылып, көлемдене көтеріліп, бойын көкке ұсына теңселген Әулие ағаш желмен толқындап, қою сыбдырлап, осы қызыққа қанар емес, бұл суретке тояр емес... Бұл сурет, осы қызық, сірә, мың жылға...