Үлкен әдеби талқылау ұйымдастырылды. Әр түрлі жанрлар бойынша өткен бұл талқылау-айтысқа адам өте көп жиналды, жиылыс залында ине шаншар жер қалмады. Алдымен тарихи тақырыпқа жазылған шығарма талқыланатын болды. Баяндамашыға сөз берілді. Ол, негізінен, мақтады.
— Шығармада бәріңіз білетін Уай Пәлі батырдың жау батырларымен болған сегіз мың сегіз жүз сексен сегіз жекпе-жегі егжейлі-тегжейлі, нақты тарихи шындық тұрғысынан баяндалған, — деді баяндамашы. — Бұл — тарихи факт! Әсіресе, қалмақ батыры О, Сойқанмен жекпе-жегі толымды да болымды суреттелген. Қалмақ батырының ауыр найзасын қолының сыртымен қағып жіберіп, біздің батыр ай-шайға келтірмей, сақалынан ұстап, басын кесіп алады... Адамға қатты әсер етеді! Шығармада мұндай шыншыл көріністер...