Күміс табақ ай бозара жоғалып, алтын табақ күн қызара шашырап шыққан кез. Түн көрпесі желпіне көтерілмей сырғи түріліп, жадыраған жаз айының мөлдір аспанды жаймашуақ күніне жол берді. Мүлгіген даланы таңғы самал қозғаған өсімдік атаулының сыбдыры мен у-шу құс даусы басып кетті.
Айнала қалың қамыс өскен, күміс сулы «Қамысты көлдің» ық жағы ың-жың. Жалғыз аяғымен қаздиып, мойнын созып тырна тұр. Айдынға шомылып, кіршіксіз денесіне сылана қарап аққу жүр. Көл жағасындағы құмға дем алып, кеуде жүнін таранып қаз отыр. Шаңқ етіп қызғыш, қанатын серпи қалықтап қара-құс пен күйкентай ұшып жүр. Секектей шықылықтаған сауысқан. Алақ-жұлақ етіп шыны көз жапалақ пен қызыл көз қырғи...