«Жер қозғалса қозғалар. Бірақ анау-мынауға Қозыбай қозғала қоймас», — деп ойлаушы еді оны білетіндер. Алайда адамды ұғып болудың өзі бір қиямет қой. Табиғатынан біртоға, жуас жігіттің өзгеріссіз етіп жатқан біркелкі бейқам тірлігі аяқ астынан буырқанып, көктем тасқынындай дүрлікті де кетті.
Көйлегі көк, тамағы тоқ дегендей, мына көпшілік заманда жетіспей тұрған да ештеңе жоқ еді. Кеп жылдан бері істеп жүрген жұмысы, жеткілікті жалақысы бар. Қаланың ипподром жақ шетінен екі бөлмелі пәтер алғанына да біраз болды. Үріп ауызға салғандай, үйелмелі-сүйелмелі үш баласы, сұлуша келген әп-әдемі әйелі бар. Осының өзі, төрт құбыласы теңдеуге келмегенімен, бір жігіттің басына жетіп жатыр емес пе? Бұдан арғыға...