Бөстек түнімен екі-үш тұрып, бозторғайын жасырған төртбұрышты жәшікті бақылап келді. «Таң ертерек атса екен. Өліп қалмаса жарады. Бекер ғана сақамды айырбастадым ба? Бірақ обал ғой, бейшараға. Апамның сөзінің жаны бар. Мені де осылай аяғымнан байлап, зынданға тастаса ғой» деп күбірледі.
Кеше түске таман төменгі жақтың балалары Жарасбек бастап, жоғарғы ауылға келіпті. Қалталары толған асық. Сақаларын айтсаңшы. Қорғасын құйған. Алшыңнан жазбайды. Бізбен шыншыл ойнауға келіпті. Біздің балалар да оңай шағылатын жаңғақ емес. Үштабан, шеңбер, омпа, шықетер ойындарының майішкендері. Шетінен мерген. Дорба-дорба асықтары содан жиналған. Әншейінде бірін-бірі ұтып алғанмен,
басқа жақтан қарсыластар келгенде бірігіп кетеді. Бір кісінің баласындай-ақ.
Келісім бойынша омпа ойыны...