Қазан айының соңында қайырымдылық туралы заңға түзету енгізу жұмыс тобында талқыланып жатқаны белгілі болды. Бастапқы ұсыныстар үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) өкілдерін абдыратып тастады: жеке тұлғаларға қаражат жинауға тыйым салу, қорларды аккредиттеу және қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны үшін айыппұл салу, ал әкімдіктерге ТЖ кезінде қай қор жәрдем жинай алатынын шешуге уәкілеттік беру жоспарланды.
Мәдениет министрі Аида Балаева журналистерге талқы жүріп жатқанын айтып, «мәселе әлі ашық қойылып отырған жоқ» дегенге келтірді. Әйтсе де, министр мұндай бастама «тектен-тек көтерілмейді, өйткені спекуляция мен алаяқтыққа қатысты жекелеген фактілер бар» деп отыр.
«Власть» талқыланып жатқан түзетулер қайдан шыққанын, қайырымдылық саласын реттеудің кілтипаны неде екенін және қазіргі проблемаларды қалай шешуге болатынын сараптайды.
«Мемлекет көмектесе алмаса, кедергі келтірмесін»15 қазанда Қосшыда журналист Райхан Рақымның үйі өртеніп кетті. Отбасының он жылда тұрғызған баспанасы еді. Өрт қазандықтан басталып, шатырға шапшыған. Күшті желдің кесірінен жалын тез тараған.
«Кейінгі алты жылымды арнаған, жылыту жүйесін, ауа айналымы мен су жүйесіне дейін өз бетімше меңгеріп, өзім жөндеген ақ сарайдай үйім өртеніп кетті. Қабырғасы ғана қалды», — деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Үйіндіні аршуға көршілері көмектесті. Ертесіне олар чаттарда Райханның нөмірін жариялап, көмек сұрады.
«Күні бойы ақша түсумен болды, көз жасыма ерік бердім. Адамдар азғантай болса да шын ниетімен ақша аударып, жылы лебіз білдіріп жатты», — деп жазды Райхан.
Қазір ол 3 млн теңгедей жинады, соның ішінде 900 мың әлеуметтік желінің арқасында келді. Бұл ақша шатырын жөндеуге жетті.
Райханның айтуынша, мемлекеттен күтуге болатын жалғыз көмек — 258 мың теңге жәрдемақы, отбасы оны да ала алмады.
Райхан Рақымның Facebook парақшасынан алынған фото
Райхан Рақым — танымал журналист, оның репортаждарының арқасында талай адам емге ақша жинаған. Солардың бірі — «фокал-ми қабығы дисплазиясы» деген сирек кездесетін диагноз қойылған Еркежан деген қыздың анасы Анар Отарбаева.
«Қызым 2015 жылы дүниеге келді. Аяқ-қолы тырысып қалатын, бізге тезірек операция жасату керек болды, — дейді Отарбаева. — Тезірек қолға алса, қыздың ақыл-есі дұрыс болатынына мүмкіндік те артады».
Қазақстанда мұндай операция жасалмайды.
«Қол қусырып қарап отыра алмадық, өйткені тұңғыш қызымыз онкологиядан қайтыс болған. Енді екінші баламыз ауруға шалдықты. Біз ақша жинау керек деп шештік», — деп еске алады ол.
Интернеттегі жазбаға үн қатқандар аз болды, қорлар мен ірі ұйымдар қаржымыз аз деп жәрдем беруден бас тартты.
Кейбір қорлардың белгілі бір елдердің клиникаларымен ғана келісімі болды. Еркежанның ата-анасы операцияны Германияда жасаған сенімдірек болады деп шешті, бірақ сол кезде қорлар неміс клиникаларымен жұмыс істемейтін, сол себепті көмектесе алмады.
Райхан Рақымның материалынан кейін қазақстандықтар кішкентай бүлдіршіннің еміне 50 мың еуро жинап берді. Отбасы Германияда операция жасату мүмкіндігіне ие болды, кейін Еркежан сол жақта оңалтудан өтті.
Анар мен Еркежан, Анар Отарбаеваның Facebook парақшасынан алынған фото
Еркежан қазір тоғыз жаста, талмасы тыйылды, бірақ сол жағы сал болып қалды.
«Оның диагнозын білмейтіндер балалардың церебралды сал ауруына шалдыққан деп ойлайды, сол қолы мүлдем жансыз», — дейді Отарбаева. Айтуына қарағанда, қызының ақыл-есі қатарластарынан кем емес және жалпы білім беретін мектепке барып жүр.
«Көпшіліктің арқасында ақша жинадық, бізге бірде-бір қор, бірде-бір ірі ұйым көмектескен жоқ. Егер қазір әлгі заңды (жеке тұлғалардың қаражат жинауына тыйым салу — В.) қабылдайтын болса, қарапайым адамдар зардабын көреді. Өз баласын емдеуге әркімнің мүмкіндігі, құқығы болуы керек», — деп санайды Отарбаева.
Трансплантацияға мұқтаж адамдар да қайырымды жандарға үміт артады: Қазақстанда былтыр сегіз донор мен жиырма бес операция болды, ал күту тізімінде 4200 адам бар.Науқастардың басқа елдерге операцияға баруына көмектесетін қорлар жоқ.
Анар Шаймергенова — әлеуметтік желінің арқасында өзіне қажет 30 млн теңгені жинап, Беларусь елінде операция жасатқан жанның бірі. Қазір ол ағза ауыстыратындарға ақыл-кеңес береді.
«Бәріміз күту тізімінде тұрмыз, күн сайын қайтыс болуына байланысты бір адам тізімнен шығып қалып отыратынын бәрі біледі, — дейді ол. — Мемлекет бізге көмектеспейді, өмірімізді құтқару үшін өзімізге өзіміз көмектесіп, басқа елге барамыз».
Шаймергенова жеке тұлғаларға қаражат жинауға тыйым салатын болса, қорлардың көмегіне жүгінуге мәжбүр боламыз, бірақ бұл жерде көмек көрсету кезегіне және ашықтығына қатысты проблема тууы мүмкін дейді.
«Конституцияда әр адамның денсаулыққа құқығы бар деп жазылған. Бұл (қаражат жинауға тыйым салу ықтималдығы — В.) — біздің құқығымызды шектеу. Халық мемлекет көмектесе алмаса, кедергі де келтірмесін деген пікірде», — деді ол.
Жанар Каримованың фотосы
Терроризммен немесе алаяқтықпен күрес: түзету қайдан шықты?Қайырымдылық туралы заңға жаңа түзету енгізуді жұмыс тобы талқылап жатқаны қазан айында, онда да «Ұлттық және халықаралық даму бастамалары институты» (ҰХДБИ) ҚҚ жетекшісі Светлана Ушакова әлеуметтік желідегі парақшасында жазған кезде белгілі болды.
Жұмыс тобына қосылуға ұсыныс жіберген Ушакованы мәдениет министрлігі қатарға қабылдаған екен.
Қазан айының соңында Ушакова әлеуметтік желідегі парақшасында талқыланып жатқан ұсыныстарды жариялады.
Сол кезеңде жануарлар мен өсімдіктерге көмек көрсетуді қоспағанда, жеке тұлғалардың басқа барлық мақсатта қайырымдылыққа қаражат жинауына тыйым салу жоспарланды. Қайырымдылықпен айналысатын ұйымдар осы мақсатқа қаражат жинауы үшін міндетті түрде тіркеуден өтуі керек деген ереже талқыланды. Мемлекет аккредиттеген ұйымдардың өзі қаражат жинауды бастағаны және аяқтағаны туралы ескертуге тиіс делінді.
Қайырымдылық туралы заңнаманы бұзғаны үшін жеке тұлғаларға да, заңды тұлғаларға да айыппұл салынады делінді, жиналған қаражатты тиісті мақсатта пайдаланбағаны үшін айыппұл 200 айлық есептік көрсеткішке дейін жетуі мүмкін еді. Жиналатын қаржының жарияланған сомасынан асып кеткені үшін де жекелеген айыппұл болады деген долбар айтылды.
ТЖ кезінде қандай ұйымдар көмек жинай алатынын әкімдіктер анықтасын деп келетін, қаражат жинау бойынша ортақ операторды енгізуге қатысты ұсыныстарды да қоғам белсенділері қолдаған жоқ.
«Ұсынылған түзетулер Қазақстанда қосымша әкімшілік кедергілер енгізудің кесірінен қайырымдылықты біраз әлсіретіп, өзара көмек көрсетудің қалыпты түрлерін жояды және жедел түрде қаражат жинауға кедергі келтіреді, — деп жазды Facebook парақшасында Светлана Ушакова. — Міндетті аккредиттеуді енгізу, жеке адамның қаражат жинауына тыйым салу және биліктің бақылауға алуы азаматтардың тілектестігіне нұқсан келтіреді және бүкіл қайырымдылық секторындағы қаржы тұрақтылығына қауіп төндіреді».
Ушакова министрлік жанындағы жұмыс тобы бірнеше айдан бері жұмыс істейді дейді. Бастапқыда түзетулер пакетін қаржылық мониторинг агенттігі бастама етіп көтерген болуы керек — олар ҚМА қоғамдық кеңесінде талқыланды және бұның ФАТФ (терроризмді қаржыландырумен және ақша ізін жасырумен және жаппай қырып-жоятын қару таратумен күресетін халықаралық ұйым) ұсыныстарымен байланысы бар.
«Бұл түзетулердің ақша ізін жасырумен күреске қатысы бар. Бір бөлігі мәдениет министрлігіне мүдделі тараптармен талқылау үшін берілді, өйткені ол қайырымдылық бойынша уәкілетті орган», — дейді Ушакова.
Оның айтуынша, ФАТФ-тың сегізінші ұсынысында коммерциялық емес ұйымдардың терроризмді қаржыландыру мақсатына пайдалану тұрғысында осал жағы бар. ФАТФ олардың қатарына негізінен қайырымдылық қорлары мен діни ұйымдарды жатқызып отыр, өйткені олар көп көлемдегі қаражатты жинап, үлестіреді, бірақ тек онымен шектелмейді.
2022 жылы Қазақстан заңнамасы ФАТФ ұсыныстарына сәйкестігі жағынан бағаланды, сол кезде елдегі қайырымдылық саласының реттелуі жеткіліксіз деген түйін жасалды. Әйтсе де, бағалауды Қылмыстық табысты заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы Еуразиялық топтың мамандары жасады. Бұған тоғыз ел кіреді, атап айтқанда: Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, ҚХР, Үндістан және Қазақстан.
«Еуразиялық өңірлік топ бағалаушыларының бұл ұсынысы, менің ойымша, шындығында ФАТФ-тың сегізінші ұсынысына сәйкес емес», — дейді Ушакова.Қоғам белсендісінің айтуынша, ҮЕҰ өкілдері кейін министрлік жанындағы жұмыс тобына ұсынылуға тиіс жалпы позициялар мен ұсыныстар шығару үшін қайырымдылық қорлары мен коммерциялық емес ұйымдар арасында бейресми талқы ұйымдастырды.
«Біз ұсыныс-пікірлерімізді әзірлегіміз келеді, себебі арамызда халықаралық тәжірибесі бар сарапшылар, заңгерлер бар, бұл мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы жұмыс тобына жақсы көмек болады деп ойлаймын», — дейді ол.
Министрліктен қоғам белсенділері де түзетулердің жаңарған нұсқасын күтіп отыр.
Ушакова ұсынылып отырған аккредиттеу шын мәнінде ынталандыра алар еді деп санайды, бірақ ол ерікті түрде болуға тиіс. Оның айтуынша, мемлекет жеңілдіктер арқылы, соның ішінде салық жеңілдігімен де қолдайтын дамыған қайырымдылық секторы бар кезде ғана аккредиттеуді енгізуге болар еді.
«Бастысы — аккредиттеу аккредиттелмеген басқа ұйымдардың іс-әрекетін шектемеуге тиіс», — деді сарапшы.
Сондай-ақ, ол 2015 жылы ҮЕҰ дерекқоры құрылғанын еске салды, барлық коммерциялық емес ұйым сол жаққа есеп береді, оның ішінде қайырымдылық қорлары да бар.
«Сондықтан қайырымдылық қорларын аккредиттеу және тізбе мен есеп беруді енгізу қайырымдылық ұйымдарына қосымша есеп беру ауыртпалығын артады. Одан гөрі қолда бар ресурс пен дерекқорды пайдаланайық», — дейді ол. Әйтсе де, ҮЕҰ дерекқорының өзі аса тиімді әдіс емес, ол дамыту шарасы дегеннен гөрі, шектеу қоятын шара ретінде қолданылады деп санайды.
«Мұндай бастама жайдан-жай қабылданбайды»12 қарашада мәдениет және ақпарат министрлігі «Власть» сауалына жеке және заңды тұлғаларға, соның ішінде ел басына күн туған жағдайда қайырымдылыққа қаражат жинауға шектеу қою мәселесі қарастырылып жатқан жоқ, ал краудфандинг платформаларының мәселесі талқыланып жатыр деп жауап берді.
Ведомство бұқаралық ақпарат құралдары жинайтын донат қалай реттеледі деген сұраққа жауап бермеді, бірақ «қайырымдылыққа қаражат жинау кезінде БАҚ-ты аккредиттеу қарастырылып жатқан жоқ» деп хабарлады.
Ертесіне ведомство басшысы Аида Балаева журналистерге қарастырылып жатқан түзетуде қайырымдылыққа қаражат жинауды бақылаудың қандай механизмдері қалатыны туралы түпкілікті жауап бере алған жоқ.
«Әзірге нақты шешімдер жоқ, қазір ұсыныстарды жинап, сарапшылардың пікірін қарап жатырмыз, — деді министр. — Мұндай бастамалар жайдан-жай қабылданбайтынын түсінуіңіз керек, себебі спекуляцияға, алаяқтыққа қатысты жекелеген жағдайлар бар. Осыған орай қайырымдылық көмек механизмдерін жетілдіру мәселесін қарастырып жатырмыз».
Жеке тұлғалардың қаражат жинауына тыйым салу бастамасы қазір бар ма деген сұраққа министр тіке жауап бермеді: «Жұмыс тобының мүшелері әртүрлі бастама көтеруі мүмкін. Біз оны қарауымыз керек. Бірақ, жалпы алғанда, мәселе дәл осылай ашық қойылып отырған жоқ».
Әу баста түзетулерді бастама етіп көтерген қаржылық мониторинг агенттігі қаражат жинау кезіндегі алаяқтық жағдайларына байланысты қайырымдылық саласы реттеуді қажет етеді деп санайды.
Ведомство коммерциялық емес краудфандингті, жеке және заңды тұлғалар қаражат жинаған кездегі заң бұзуды реттеу қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастырудың, терроризмді қаржыландырудың және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырудың алдын алу мәселелері жөніндегі кеңестің отырысында талқыланғанын растады.
«Осы отырыста алаяқтық пен терроризмді қаржыландырудың және басқа да қылмыстардың белгілері бар күмәнді операциялар туралы айтылды», — деп жауап берді агенттік.
Сол кезде бұқаралық ақпарат құралдарында отырыс кезінде емге және жағдайы жоқ жандарға көмекке жария түрде қаражат жинау талқыланғаны хабарланды. ҚМА хабарлауынша, қаражат жинау көлемі 6 миллиардқа жеткен, оның ішінде 2 млрд алаяқтарға жем болуы мүмкін.
«Власть» сауалына берген жауабында агенттік Астана тұрғыны ұлының еміне деп жеке картасына 1,7 млрд теңге жинап, емдеуге тек 6,4 млн теңге немесе жиналған ақшаның жалпы сомасының 3,7 пайызын ғана жаратқанын мысалға келтірді.
«Қаражаттың қалғанын люкс бұйымдар алуға, сән салонына, СПА-ға, қымбат ауданнан пәтер, «люкс» санатындағы жаңа автокөлік алуға жұмсаған», — деп хабарлады ҚМА. Осындай жағдайларға байланысты реттеу болуы керек деді.
«Аталған жайттар қайырымдылық саласындағы жекелеген мәселелер жетілдіруді қажет ететінін көрсетіп отыр, соның ішінде ашықтық, реттеу және қаражат жинаған кезде жосықсыз әрекет үшін жауапкершілік керек», — деді ҚМА.
Осы талқылаулар аясында бірер күннен кейін іі«Біз Біргеміз» қайырымдылық қорының айналасында жанжал шықты. Оның басшысы және құрылтайшысының бірі, 32 жастағы Перизат Қайрат алдымен көктемде болған су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған 1,5 млрд теңгені ұрлады, кейін Палестинаға гуманитарлық көмек көрсету үшін жиналған 200 млн теңгеден астам ақшаны ұрлады деген күдікке ілінді.
«Билік күшейе түсті, бірақ оған қоғамның сенімі әлсіреп бара жатыр»CAPS Unlock өңірлік аналитика орталығының директоры және құрылтайшыларының бірі Аида Айдарқұлова жеке тұлғалардың қаражат жинауына тыйым салынатын болса, бұл өз мүлкіңе иелік ету құқығын бұзуы мүмкін дейді: «Адам немесе компания өз мүлкіне, соның ішінде ақшасына қалауына қарай иелік ете алады. Егер адам ақшаны қайырымдылыққа жұмсағысы келсе, бұған заңды түрде құқығы бар. Мейлі ол үйсіз адамға көмек болсын, жергілікті мешітке немесе шіркеуге, жануарлар панасына садақа болсын немесе жедел түрде ем қажет ететін мұқтаж жанға көмек болсын, айырмасы жоқ».
Сарапшының пікірінше, алаяқтықпен күресу шаралары қажет, бірақ бұл жерде бір саланы бөліп алуға болмайды, өйткені заңсыз әрекеттер түрлі салада жасалып жатыр. Қоғам өмірінің әрбір саласына алаяқтық туралы жеке заң қабылдау тиімсіз болады дейді Айдарқұлова.
«Елдің жақсы заңнамалық базасы онсыз да бар. Проблема туғанда біз бірден жаңа заңнама қабылдауға құмартып тұрамыз, бірақ бұл шешім емес. Мәселе қолданыстағы заңдардың тиісті түрде орындалуында жатыр», — дейді.
Сарапшы билік қайырымдылық ұйымдарын бақылап қана қоймай, қолдап, көтермелеп отыруы керек деп санайды. Бұл қайырымдылыққа ақша беруге қатысты дұрыс мәдениет қалыптастыруға көмектеседі және қоғамның қайырымдылыққа сенімі жақсырақ болады деп есептейді.
«Үкімет қайырымдылыққа күмәнмен қарайтын болса, тек бақылау тәсілін қолданатын болса, бұл қайырымдылықтың қадірін кетіреді. Адамдарға әу бастан ықтимал алаяқ деп қарайтын болса, олар өзін жайсыз сезініп, қайырымдылыққа ақша беруді немесе өзгелерге көмектесуді қойып кетуі мүмкін», — дейді Айдарқұлова.
Оның пікірінше, тек қана тыйым салу шаралары қоғамның билікке деген ойын да өзгертеді.
«Егер үкімет тек қана қатаң бақылау мен шектеуге сүйенетін болса, оның билігі күшті, бірақ қоғамның оған деген сенімі азаятын полиция мемлекетке айналу қаупі бар», — деп түйді ол.
Зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесетін #НеМолчиKZ қорының президенті Дина Таңсәрі ықтимал тыйым азаматтардың конституциялық құқығын шектейді дейді: «Конституцияның 28-бабы қайырымдылыққа қатысты, адамдарда жаны ашу, аяныш білдіру, эмпатия болуына, өзара көмек көрсетуіне мемлекет, керісінше, мүдделі болуы керек».
Бұған қоса түзетулер қабылданып жатса, ол қолданыстағы басқа заңдарға қайшы келуі мүмкін.
Оның айтуынша, қор Конституциялық сотқа шағым беруге дайындалып жатыр және шағымды талқыланып жатқан түзетулерге көпшілік назарын аудару үшін халықаралық ұйымдарға да жібермекші.
Сондай-ақ, Таңсәрі қайырымдылықты реттеу ұйымдарды бақылауға алу мақсатында қолданылуы мүмкін дейді, оның қоры осыған дейін құқық қорғау органдарынан қысым көрген.
«Биыл бізге қолдау көрсететіндер екі есеге жуық азайды, бірақ біз жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Биліктің қысымын өз басымыздан кештік. Менің қуғынға ұшырағаным осыған дәлел. Бұл заң, сонымен қатар, билікке жақпайтын басқа құқық қорғаушылар мен журналистерге де бағытталады», — деген қаупін жеткізді.
Таңсәрінің қоры полиция дұрыс тергемеген зорлық-зомбылық жағдайларына көпшілік назарын аударады, жариялаған материалдарында ішкі істер министрлігін жиі сынайды. Былтыр ұйымға қысым жасалып, Таңсәріге қарсы қазақстандықтар қорға жіберген ақшаға қатысты алаяқтық жасады және ысырап қылды деген күмәнді алты қылмыстық айып тағылды. Таңсәрінің шоттары бұғатталды, оған жергілікті және халықаралық іздеу жарияланды.
Мәдениет министрі Аида Балаева 13 қарашада мәжілісте журналистердің ықтимал түзетулер ашық НҚА бетіне қашан шығады деген сұрағына жауап бере алмады. Бірақ барлық мүдделі тарапты ұсыныс беруге және талқылауға белсенді түрде қатысуға шақырды.