6 тамыз күні мәдениет және ақпарат министрлігі 50 мың адам қол қойған «ЛГБТ-ны Қазақстанда насихаттауға қарсымыз!» атты петицияға орай шешім шығарды. Ал бірнеше күн бұрын петицияны қолдайтындар мен оған қарсыларға сөз берілді, басқа жұрт бұл талқыны онлайн бақылап отырды.
Петицияны жақтаушылар «ЛГБТ насихаты» деген нені білдіретінін түсіндіре алмаса да, үш сағатқа созылған талқыда қастандық теориясынан бастап, «вейп», «проституция» тақырыптары да сөз болды.
Власть қоғамдық талқылаудың қалай өткенін, министрліктің қандай шешім шығарғанын ұсынады.
Петицияны «Қазақстан ата-аналар одағы» деген бірлестіктің төрағасы Бағила Балтабаева ұсынған. Бұл ұйым бұған дейін «баламызды тартып алады» деген желеумен тұрмыстағы зорлық заңына қарсы шыққан. Сондай-ақ екпеге қарсы болуымен де танымал.
Талқылауға әртүрлі мекеме өкілдері қатысты. Оқу-ағарту министрлігі балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова «баланы интернеттегі “теріс” ақпараттан қорғап, дұрыс тәрбиелеу мақсатында» петицияны қолдайтынын ашық білдірді.
ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлхайыров интернеттегі «ашық еркін жыныстық қарым-қатынас балаларды зорлауға және зорлыққа үгіттеуге әсер ететінін» айтты. Алайда, «ашық еркін жыныстық қарым-қатынасқа» ЛГБТ өкілдерінің қандай қатысы бар екенін айта алмады, статистика не анықтама да келтірмеді. Ведомство жасөспірімдер арасындағы «өзара келісіммен болған жыныстық қатынасты балалардың тәртіпсіздігіне» сілтеді. Зұлхайыров дәстүр мен отбасы құндылықтарын сақтап, салауатты өмір салты мен патриотизмді насихаттау керек деп санайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Гүлнар Сәрсенбаева қарсылығын вейптер мен энергетикалық сусындар жарнамасының баланың болашағына әсерімен түсіндірмек болды. «Тақырыптан ауытқымаңыз» деп ескерту айтып, наразылық білдіргеннен кейін: «Мен бұл мысалмен жарнаманың өскелең ұрпақ өміріне теріс әсер ететінін айтқым келген. Дәл солай ЛГБТ-ны насихаттау да дәстүрлі емес құндылықтардың қалыптасуына, елдің демографиялық жағдайына әсер етері сөзсіз», – деді Сәрсенбаева.
«Қазақстан ата-аналар одағы» төрағасы Бағила Балтабаева
Петицияны қолдайтындар не деді?«Аманат» партиясының өкілі, мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин петицияға қарсыларға «қайдан шыққандарыңды ұмытпаңдар» деп ескерту жасап, адам құқығы мәселесі белден төмен әңгімеге тірелмеуі керек дегенді жеткізді.
Петицияны қолдайтындардың бірі «бұл этика, әдет, салт-дәстүр мәселесі» десе, енді бірі «демографияға қауіп төндіреді, құдайдың жаратылысына қарсы шықпауымыз керек» десті.
«Бұл ұлттық құндылыққа қайшы. Біржынысты неке деген не? Ертең хайуанмен қосылайық деп шығатындар болады. Соған да рұқсат берейік пе? Біз тегімізді, жерімізді сақтап қалуымыз керек», – деді петицияны жақтаушы Керімбай Бақытбек.
Жиында петицияны қолдаушылар «Феминита» феминистік бастамасының негізін қалаушы Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержанның шарап ішуі «болашақ ұрпаққа теріс әсер ететінін» айтты. Талқылау басында «ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деген модератор мұндай жеке басқа тиетін пікір айтушыларды тоқтатқан жоқ.
«ЛГБТ-ға рұқсат берілсе, 20 миллионға жеткен халқымыз екі-үш жыл ішінде 10–15 миллионға қысқарады. Біржынысты некеге рұқсат берілсе, елімізде адам саны күрт азая бастайды. Біз ЛГБТ-ға қарсымыз!» – деп ұрандады сөйлегендердің бірі.
Петиция авторы Бағила Балтабаева «ЛГБТ-ны насихаттау – батыстық құндылықтарды насихаттау», «елімізге төнген қауіп» деп бағалайды, оған тыйым салу керек деп есептейді.
«Ұлтқа жанашыр адам ретінде петицияға бастамашы болған себебім, 7-8 жастағы кішкентай қыздардың өзі жылда болатын митингіге кіріп кетті. Қолына ұстаған плакаттарында "Құдай да, мемлекет те керек емес", "Патриархат жойылсын, революция жасасын" деген жазулар бар. Бұл ғасырдан келе жатқан ұстанымымызға жат. Біз біржыныстыларды жою керек деп жатқан жоқпыз, олар істейтін ісін есіктерін құлыптап алып жасасын», – деді ол.
Петиция қарсы топ не дейді?
Сөз сөйлеу кезінде тәуелсіз сарапшыларға 10 минут, ал еріктілерге 3 минут уақыт берілді.
Үндеуге қарсы әлеуметтанушы Камила Ковязина: «Адамдардың көбі ЛГБТ, жыныстық қатынас туралы қатардағы ақпараттың өзін насихат деп қабылдауы мүмкін. Мен балаларыма ақпараттың қолжетімді болғанын қалаймын. Қоғам қабылдамағандықтан, олардың суицидке барғанын қаламаймын», – деді.
Залдағылар петицияны сынағандардың сөзін бөлумен болды. Оларға ескерту жасаған да ешкім болмады.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис «тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деген Конституцияның 14-бабын еске салды.
Жовтис петиция адамның гендерлік айдентикасы насихат пен тыйым әсерінен өзгереді деген дәлелденбеген ақпараттың кесірінен, адам құқығын бұзатын, алалау мен өзара кемсітуге негізделген өшпенді қоғам туады деп есептейді.
«Гендерлік ориентацияны насихаттау мүмкін емес, өйткені бұл шаштың түсі секілді адамның биологиялық белгісі» дегені сол еді, залдағылар оның сөзін бөліп, қарсыласа бастады.
Анастасия есімді куир белсенді, журналист ЛГБТ туралы ақпаратқа тыйым салу түбі жақсылыққа апармайтын цензура екенін айтып, Конституцияда цензураға тыйым салынғанын атап өтті.
«Сіздер айтып отырған зорлық-зомбылықты гетеро еркектер істейді. ЛГБТ туралы ақпаратпен күрескенше, гетеро еркектерге балалар мен әйелдерді зорламауды үйретіңіздер. Балаларыңызды зорлық-зомбылықтан, суицид пен кедейшіліктен қорғаңыздар. Кез келген тыйым салынған ақпаратты VPN арқылы көруге болады», – деді ол.
Петицияға қарсылар министрліктің «келтірген зерттеулері халықаралық стандарттарға сай емес, бейтараптық атымен жоқ әрі аргументтері тым үстірт» деп сынға алды.
Feminita ұйымының негізін қалаушылары Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержан
Human Rights Watch халықаралық ұйымы петиция азшылық топтың құқығын бұзып, еркіндігін шектейтіндіктен, Қазақстанды петицияны қабылдамауға шақырды. Олар «бала құқығын қорғауды» желеу еткен үндеу адамның негізгі құқықтарын бұзып жатқанын айтты. Құқық қорғау ұйымдары «дәстүрлі емес жыныстық қарым-қатынасты насихаттау» туралы Ресей заңдарын қайталауы мүмкін деген қаупін де білдірді.
«Егер ұсыныс қабылданатын болса, Қазақстан адам құқығы жөніндегі халықаралық міндеттемелерін бұзады», – делінген хабарламада.
БҰҰ да петиция Қазақстан қабылдаған халықаралық құжаттар кепілдік беретін пікір айту еркіндігі, заң алдындағы теңдік құқығын бұзады деп санайды.
Feminita ұйымының мүшесі Жанар Секербаева Ресейде қабылданған заң адам құқықтарын бұзуға түрткі болып жатқанын айтты.
«Ресейде ЛГБТ+ өкілдеріне үнемі қысым көрсетеді. ЛГБТ өкілдері ол жерде өзін қорғай алмай жүр», – дейді ол.
Петиция авторлары «ЛГБТ-ны насихаттау» туралы петиция анықтамасында 2022 жылы Ресейде қабылданған «ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын» заңға сілтеме келтірген.
6 тамыз күні мәдениет және ақпарат министрлігі «жасөспірімдер мен балаларды жыныстық қатынастарды насихаттау мен культ қылудан қорғау және алшақтату үшін ішінара қолдау» туралы соңғы шешімін шығарды. Министрлік петицияны ішінара қолдады, олар талқылау күні де осылай деген болатын.
Ішінара қолдау аясында ғылым және жоғары білім, денсаулық сақтау, оқу-ағарту министрліктеріне ЛГБТ қозғалысының кәмелетке толмағандарға әлеуметтік, психологиялық, медициналық және басқа әсері жөнінде халықаралық зерттеу нәтижесін талдай отырып есеп дайындауды тапсырды.
Сондай-ақ, ғылым және жоғары білім, денсаулық сақтау министрліктеріне 2024-2025 жылдар ішінде ЛГБТ мәселесі бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Мәдениет және ақпарат министрлігі зерттеу аяқталған соң мүдделі тараптардың ұстанымын ескеріп, тағы бір қоғамдық талқылау ұйымдастыруы керек.