Петропавлда кәмелетке толмағандарға арналған бейімдеу орталығы қайта ашылды
Бес жылдық үзілістен кейін орталық жаңа ғимаратқа көшірілді. Жаңартылған орталықтың жұмысымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты.
— Бұл жерде өмірлік қиын жағдайға тап болып, мемлекет қамқорлығына мұқтаж 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар орналаспақ. Осы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларға жан-жақты қамқорлық көрсету және толыққанды дамуына жағдай жасау айрықша маңызды, — деді өңір басшысы.
Мұнда балалардың тұруы, білім алуы, бос уақытын тиімді өткізуі және демалуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Сондай-ақ медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. Жаңа орталыққа өңір басшысы автокөліктің кілтін табыстады.