Өткен аптада биік өкше киіп киіз үйдің ішінде билеуге қатысты құқық қорғау органдарының қылмыстық іс қозғағаны белгілі болды. Биді Әлішер Сұлтанбекұлы есімді хореограф қойған, оның үстінен Самат Мұсабаев бастаған жиырма шақты депутат шағымданған. Мұсабаев толып жатқан мемлекеттік марапаттарына қоса, биылғы жылдың қорытындысы бойынша, дәстүрлі құндылықтардың жоқшысы атағын да алатын секілді.
Видеодағы бас кейіпкердің жігіт екенінен бастап (депутат оған оп-оңай тіл тигізе салды), киіз үйдің ішіндегі әрекет, яғни билеу мен жаюлы дастарханға дейін Мұсабаевқа ауыр тиіпті.
Қайрат Баекенов пен «Формат» тобының дәл осы әні «Келинка Сабина» фильмінің саундтрегі болды. Естеріңізде болса, бұл фильмде басты рөлдегі Нұртас Адамбай әйел адам болып ойнап, әйелдің киімін киген болатын. Ал қазір Адамбай да Мұсабаев секілді дәстүрлі құндылықтардың жоқшысы. Екеуін де «Келинка Сабинка» алаңдатпайтын секілді. Олар оны интернеттен өшіруді, фильмнің авторларын жазалауды талап етпейді.
«Ирина Кайратовна» тобының жуырда ғана шыққан «Айдаһар» бейнеклипінде киіз үйдің қасында жартылай жалаңаш билеп жатқан жігіттер де депутат Мұсабаевтың назарына ілікпеді. Бәлкім, жекелеген билік өкілдерінің бұл топқа деген ілтипаты бөлек екенін білген соң да тісі батпайтын болар.
Бұдан бөлек, мемлекет «дәстүрлі отбасылық құндылықтар» жолындағы белсенді күресті ашық та, астыртын да қолдайтынын депутаттардың білуі де себеп болуы мүмкін.
Мәселен, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Сұлтанбекұлының видеосына пікір білдіруге уақыт табады да, басқа туындылар туралы айтуды қажет деп санамайды.
«ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу» туралы петицияға бірнеше минутта 50 мың қол жиналған соң, мәдениет министрлігі бірден петицияны қарастыру басталғанын хабарлады. Бұл оқиға жексенбінің кешінде болғанын ескерсек, министрліктің жылдамдығы таңғалдырмай қоймайды.
Депутат Мұсабаев пен оның консерватив әріптестері осы петицияны қарастырып жатқан жұмыс тобының мүшесі. Жұмыс тобына шақырылған құқық қорғаушылар бірден-ақ бағасын берді, олардың ойынша, петицияда алалайтын нормалар бар және ол жалпы қаралмауы керек еді. Петиция авторы – «Қазақстанның ата-аналар одағы» атты қастандық теориясының жақтасы және антиваксерлер. Олар ЛГБТИК+ өкілдерін қуғындаған көрші Ресейдің тәжірибесіне сүйенеді.
Консерваторларға күтпеген жерден қосылған жекелеген депутаттар, петиция авторлары мен бұрын травести бейнесін пайдаланып немесе бәс тігуді жарнамалау арқылы табыс тапқан қоғам қайраткерлері де осындай қуғын-сүргінді қалайды.
Мұндай қуғынды ыңғайлы деуге болады, өйткені олар отбасы құндылықтары, ұлттық дәстүр мен жат нәрсеге қарсылықтан туып отыр. Бұл жылдар бойы теледидар бетінде шын мәнінде жоқ «ЛГБТ насихатымен» қорқытып келе жатқандардың басын қосуы әбден мүмкін. Өзі азшылық топқа жатпайтындар үшін жақтасы аз топты шеттету түкке тұрмайды.
Әйтсе де, алалау мен кемсіту қашан да қудалаудың алдындағы кішігірім қадамдардан басталады. Оны негіздеуге және түсіндіруге болады, бірақ оның салдары ауыр болуы мүмкін, мәселен, елдің инвестициялық ахуалының нашарлауынан бастап, бір топтың ашық әрі заң бойынша негізделген қудалауға ұшырап жатқанына төзбейтіндердің елден көшуіне дейін әкелуі мүмкін.
Әлішер Сұлтанбекұлының биіне байланысты іс пен «ЛГБТ насихатына қарсы» петиция биыл ЛГБТИК+ өкілдерін шеттетуге бағытталған бірінші қадам емес. Алғашқы бастама көктемде басталып, басылып қалған еді. Ендігісі де солай болуы керек.
Читайте этот материал на русском.
Read this article in English.