Семейде арыстандар тұрған қоршауға тас лақтырған ер адамдар табылды
Семей полициясы балалардың көзінше биологиялық орталықтағы арыстандарға тас лақтырған ер адамдарды анықтады. Оқиға қоғамдық резонанс тудырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болды?
Желіде жарияланған жазбадан бірнеше ересек адамның балалардың көзінше жерден тас жинап, оны арыстандар тұратын қоршауға лақтырып жатқанын көруге болады. Биоорталық мәліметінше, мұндай оқиғалар жиілеп, алаңдаушылық тудырып отыр. Мекеме әкімшілігі мұндай әрекетті жануарларға көрсетілген қатігездік деп санайды.
Жарияланым қоғамда үлкен резонанс тудырды. Желі қолданушылары пікірлерде оқиғаға қатысушыларды тауып, жазалауды талап етті.
Абай облыстық Полиция департаменті тексеру жұмыстары басталғанын хабарлады.
Полиция не анықтады?
Бүгін Полиция департаменті оқиғаға қатысы бар адамдардың анықталғанын хабарлады. Олар 36 және 29 жастағы екі ер адам болып шықты. Тәртіп бұзғандар заң бойынша жауапқа тартылу үшін бөлімшеге жеткізілді. Бұл ретте полиция аталған жайттың "ұсақ бұзақылық" бабына жататынын нақтылады.
"Олардың іс-әрекетінен қатігездік белгілері байқалмайды, жануарлар зардап шеккен жоқ", - деді департамент өкілдері.
Полиция жинақтаған материалдар сотқа жолданды. Айта кетейік, ұсақ бұзақылық әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады. Бұл үшін 20 АЕК (2026 жылы 86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салу, не 20-дан 60 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, болмаса 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.