55 жастан зейнетке шығу және зейнетақы жинақтарынан ақша алу: не өзгеруі мүмкін?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай қазақстандықтарды зейнетақымен қамтамасыз етудегі ықтимал өзгерістерге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Шенеуніктің айтуынша, қазір "зейнетақының артық бөлігін" есептеу әдістемесін қайта қарау мәселесі зерделеніп жатыр, алайда түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.
"Әдістеме қарастырылып жатыр. Оны өзгерту тәсілдері әзірге тек талқыланып жатыр, бүгінде нақты шешім жоқ", - деді Шегай.
Ережелерді неге өзгертпек?
Еңбек министрлігі зейнетақы жинақтарының негізгі мақсаты - зейнетке шыққаннан кейін төлемдермен қамтамасыз ету екенін баса айтты.
"Зейнетақы жинақтарын бүгін алған кезде, сіз оны өзіңіздің 60 жастағы кезіңізден алып жатқаныңызды түсінуіңіз керек", - деді вице-министр.
Виктория Шегайдың айтуынша, қазіргі жинақтарды алу тәжірибесі болашақ зейнетақы мөлшеріне әсер етіп жатыр.
"5 жыл ішінде 5 триллион теңгеден аса қаражат алынды, оның 1 триллионға жуығын 35 жасқа дейінгі азаматтар алған. Бұл белгілі бір қауіп тудырмай қоймайды", - деді ол.
Әдістеме қалай өзгеруі мүмкін?
Қарастырылып жатқан тәсілдердің бірі - зейнетақы аннуитеті. Бұл - адам жинағының бір бөлігін сақтандыру компаниясына беріп, өмір бойы төлемдер алып тұруына мүмкіндік беретін механизм.
"Қазір аннуитетті ерікті түрде рәсімдеуге болады: жинақ болған жағдайда сақтандыру компаниясымен келісімшарт жасалады, содан кейін төлемдерді 55 жастан бастап алуға болады", - деп түсіндірді вице-министр.
Жеткілікті шек қашан көтеріледі?
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу үшін жеткілікті шектің көтерілетінін хабарлаған болатын. Вице-министр Асқарбек Ертаев бұл мәселе сәуір айында қаралуы мүмкін екенін айтты.
Вице-министр Виктория Шегай 2026 жылы шекті деңгейлердің көтерілгенін, сондықтан биыл жаңа өзгеріс күтудің қажеті жоқ екенін нақтылады. Ол Әлеуметтік кодекске сәйкес, жеткілікті шек мөлшері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтында жаңа күнтізбелік жыл басталғанға дейін кемінде бір ай бұрын жарияланатынын еске салды.