Қазақстанда резонанс тудырған жануарлар туралы заңның егжей-тегжейі белгілі болды
Қазақстанда қаңғыбас жануарлармен жұмыс істеу ережелері өзгереді. Мәжілісте жануарларды жаппай жоюды - эвтаназияны және тегін вакцинациялаудан бас тартуды қарастыратын түзетулер талқыланып жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мәжілісте бірінші оқылымда "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралып жатыр.
Депутат Еділ Жаңбыршин қаңғыбас жануарлар санын реттеудің қазіргі жүйесі күтілген нәтиже бермегенін мәлімдеді.
"2022 жылы 190 мың қаңғыбас жануар ұсталса, 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша бұл көрсеткіш 276 мыңға жетті. Біз төмендеуді емес, өсімді көріп отырмыз. Демек, қолданыстағы модель өзі енгізілген мақсатын орындай алмады", - деді Жаңбыршин.
Ол бұған дейін ұстау, зарарсыздандыру, вакцинациялау және жануарларды бұрынғы ортасына қайта жіберу әдісі қолданылғанын еске салды.
"Егер механизм иесіз жануарлар санын азайтпаса және шабуылдар санын шектемесе, онда оның толық деңгейде жұмыс істемей тұрғаны", - деді депутат.
Оның айтуынша, халықаралық тәжірибе де бұл модельдің шектеулері бар екенін көрсетіп отыр.
"Мемлекет азаматтардың қауіпсіздігін басты орынға қоятын елдерде, қаңғыбас иттерді қалалық ортаға қайта жіберу әдісі не мүлдем қолданылмайды, не өте шектеулі түрде қолданылады", - деді ол.
Мысал ретінде ол Түркияны келтірді.
"Онда 20 жылға жуық уақыт бойы қайтару моделі қолданылды. Бірақ ел бұралқы жануарлар санының күрт өсуіне тап болды - бүгінде онда 4 миллионға жуық қаңғыбас ит бар. 2024 жылы Түркия бұл модельден бас тартуға мәжбүр болды", - деді Жаңбыршин.
Сондай-ақ депутат Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сілтеме жасады.
"Әлемде құтыру ауруынан болатын барлық өлім-жітімнің 36 пайызы Үндістанға тиесілі. Аурудың берілу жағдайларының 99 пайызы - иттерден. Бұл заң шығарушы үшін маңызды белгі", - деді ол.
Осыған байланысты заң жобасында қолданыстағы тәсілді қайта қарау ұсынылады.
"Бүгінде мемлекет қисынсыз схема бойынша жұмыс істеп жатыр: иттерді ұстайды, зарарсыздандырады, вакцинациялайды және қайтадан сол жерге жібереді. Яғни, қауіп көзін қоғамдық кеңістікке қайта қайтарады", - деді депутат.
Оның айтуынша, негізгі түзету - ұстап, қайта қайтармайтын режимге көшу.
"Қаңғыбас иттердің санын реттеудің анағұрлым шынайы және жауапты механизміне көшу ұсынылады", - деп түйіндеді Жаңбыршин.
Депутаттың сөзінше, заң жобасы "жануарларға қарсы емес, қазіргі жағдайға әкеп соқтырған құқықтық хаос пен жауапсыздыққа қарсы" бағытталған.
Нені өзгерту ұсынылып отыр?
Жануарларды уақытша ұстау пунктеріне тапсыру
"Жануарды мекендеу ортасына қайта тастау қаупін болдырмау мақсатында оны уақытша ұстау пунктіне өткізу міндеті қарастырылып отыр", - деді Жаңбыршин.
Бюджет есебінен вакцинациялауды қайта қарау
"Бюджет қаражатын ұтымды әрі тиімді пайдалану мақсатында қаңғыбас жануарларды бюджет есебінен вакцинациялау туралы нормаларды алып тастау ұсынылады", - деп түсіндірді депутат.
Санын эвтаназия арқылы реттеу
"Халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында қаңғыбас және иесіз жануарлардың санын эвтаназия арқылы реттеу қарастырылады", - деді ол.
Қоғамдық бақылау
"Заң жобасы қоғамдық бақылау субъектілерінің жануарларды уақытша ұстау пунктері мен баспаналардың аумағына және үй-жайларына кіруін қамтамасыз етеді", - деді Жаңбыршин.
Қосымша нормалар
Сондай-ақ, оның айтуынша, түзетулер жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін нақтылайды, жануарларды міндетті есепке алу мен чиптеуді енгізеді, оларды өсіру мен ұстауға қойылатын талаптарды белгілейді.
"Қаңғыбас жануарлардың санын реттеу негіздері кеңейтіліп, нақтылануда, соның ішінде заңда қарастырылған жағдайларда эвтаназияны қолдану да бар", - деді депутат.